Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ қабырғасында су ресурстарына байланысты перспективалық бастамалар талқыланды

ҚСЗИ қабырғасында су ресурстарына байланысты перспективалық бастамалар талқыланды

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен суды пайдалану, су ресурстарын сақтау және тұрақты даму мәселелерін шешудегі тиімді өзара іс-қимыл мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Кездесу барысында түрлі салалар бойынша және әртүрлі ұстанымдағы сарапшылар өңірдегі су мәселесіне қатысты ағымдағы жағдайды талқылап, мемлекеттердің назарында болуы тиіс ең өзекті сұрақтарды анықтады. Күн тәртібіндегі өзекті су мәселелерін шешуге көмектесетін өңірлік бастамаларға ерекше назар аударылды.

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың пікірінше, «Климаттың өзгеруінен туындаған күрделі мәселелерді шешу трансшекаралық/аймақтық ынтымақтастықты талап етеді. Климаттық күн тәртібі мен суды пайдалану мәселесі Орталық Азия мемлекеттері арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі таңда аймақ елдерінде жалпы 76 миллион адам тұрады, ал 2050 жылға қарай аймақтағы халық саны 90-110 миллион адамға өседі деген болжам бар. Аймақтағы 22 миллион адамның, яғни аймақ халқының үштен бірінің таза суды тұтыну мүмкіндігі жоқ, бұл әсіресе ауылдық жерлерде өзекті мәселе. Қарқынды урбанизацияның жалғасуы, ауа-райының жылынуы және өндірістің ұлғаюы су ресурстарына қысымды арттырады. Мысалы, Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша өңірдегі болжамды демографиялық өсу аясында су тапшылығы 25-30%-ға дейін жетеді деп күтілуде».

Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменова өз сөзінде: «Қазіргі таңдағы өзекті мәселеге арналған бұл шараны ұйымдастыруға БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенция тараптарының 28-конференциясы барысында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев пен Франция Президенті Э.Макронның 2024 жылы One Water саммитін бірлесіп өткізу шешімі түрткі болып отыр», – атап өтті. «Бір айта кетерлігі, One Water Summit бұл One Planet бастамасының бір бөлігі. Франция президенті Эммануэль Макрон 2017 жылғы климаттың өзгеруі туралы Париж келісімінің аясында климаттың өзгеруімен күресу, биоәртүрлілікті сақтау және тұрақты дамуды қамтамасыз ету бойынша күш-жігерді қолдауға бағытталған «One Planet» бастамасын көтерді. Қазіргі күнге дейін жеті Жеті One Planet саммиті, соның ішінде әр жылдары One Ocean», «One Forest», «One Polar» саммиттері өткізілді. Бүкіл кезең ішінде 140 мемлекет қатысқан 45 бастама мен коалиция жүзеге асырылды».

Сонымен қатар З. Сүлейменова One Water Summit әлемдік деңгейде су мәселесін көтеретін саммит болатынына, бұндай форматтағы және тақырыптағы іс-шара осыдан 47 жыл бұрын, 1977 жылы өткеніне тоқталды. Кезекті шараның 2024 жылы қыркүйек айында БҰҰ ұйымы аясында өтуі оның дәрежесінің жоғарылығын айқындап, құжаттарының орындалу мүмкіндігін арттырады. «Біз өз кезегімізде Орталық Азиядағы су мәселесінің өзекті жақтарын айқындап, оның өңірлік деңгейде шешудің тиімді жақтарын ұсынуымыз керек» – деді кеңесші.

Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы комитетінің мүшесі Серік Бекмағанбетов: «Су қауіпсіздігі мен тұрақты даму мәселесі БҰҰ аясындағы басым тақырыптардың бірі болып отыр. Соңғы кездегі есептеулер ауа-райының өзгеруіне байланысты болжамдардың барынша қолайсыз екендігін көрсетеді. Соған қарамастан, Орталық Азия елдері арасында су мәселесін шешу бойынша өзара пікіралмасу орын алып, нормативтік-құқықтық база негізделді, түрлі перспективалық бастамалар да көтеріліп келеді. Сонымен бірге болашақта бұл бағыттағы жұмыстың ілгерілеуіне саланы цифрландыру мен өзара деректер алмасу маңызды болады деп ойлаймын», – деді.

Қазақстан-Герман университетінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, ЮНЕСКО-ның Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару кафедрасының төрағасы Барбара Януш-Павлетта су тақырыбын зерттеулер жүргізуде өзара бірігуді ұсынды. «One Water Summit бастамаларының бірі Орталық Азия елдерінің ғылыми қауымдастығының бірлескен күш-жігері арқылы серіктестік зерттеулері жүргізу болуы керек. Болашақта мұндай бастамаларды тұтынуға және жаһандық су балансын сақтауға қатысты басқа географиялық аймақтарға тарату керек».

«Электр энергиясын және энергия үнемдеуді дамыту институты» АҚ Энергия үнемдеу саясатын дамыту департаментінің директоры Марат Қалменов дөңгелек үстел сарапшыларын қолдап, су ресурстарын тұтынуға деген көзқарасты өзгерту қажеттігін қосты. «ЕАДБ деректері бойынша 2029 жылға қарай Орталық Азияда су тапшылығы артады деп күтілуде. Жағдай кешіктіруге шыдамайды. Жүйелі проблемалар бар – су ресурстарының жоғалуы, саланың жеткіліксіз қаржыландырылуы. Сумен қамтамасыз ету және жалпы суды үнемдеу мәселелерін шешу үшін Орталық Азия елдерінің ортақ ұстанымы мен мүддесі қажет», – деді ол.

Дөңгелек үстелге қатысушылар да өз тараптарынан әр түрлі өзекті мәселелерді көтеріп, қиындықтарды шешудің тиімді жолдары мен құралдарын ұсынды. Атап айтқанда, бірнеше сарапшы негізгі проблемалар ретінде қаржыландыру және ұйымдастыру мәселелерін көтерсе, келесі сарапшылар мәселенің шығу себептерін өзендер бастауларында орналасқан елдердегі саяси-экономикалық жағдаймен байланыстыру, мәселені шешудегі мүдделерді саралау, өңірдегі су көздері мен көлеміне мониторинг жасау қажеттілігіне аударды. Бірқатар мемлекеттік және тәуелсіз ұйымдардың өкілдері су мәселелерін шешу жолдары бойынша ұсыныстар айтып, өздерінде бар ақпаратпен бөлісуге дайын екендерін танытты.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келе қатысушылар су мәселесі секілді өзекті тақырыпты талқылау үшін ұйымдастырылған шараның маңыздылығына тоқталды. Сонымен бірге, алдағы уақытта да бұл мәселені жан-жақты қарастыру және шешу жолдарын өзара талқылау үшін тұрақты жұмыс жасайтын сарапшылар алаңы қажет екенідігін бір ауыздан қолдады.