Skip to content
Басты бет » Анонс

Анонс

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

«АЛМАТЫ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ:

ДИАЛОГ, ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ ТАТУ КӨРШІЛІКТІҢ 35 ЖЫЛЫ»

АЛМАТЫ, 2026 ЖЫЛҒЫ ҚАРАША

2026 жылғы қарашада Алматы қаласында посткеңестік кеңістіктегі мемлекетаралық қатынастардың негізгі қағидаттарын айқындаған құжаттың қабылданғанына 35 жыл толуына орай «Алматы декларациясы: диалог, ынтымақтастық және тату көршіліктің 35 жылы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Конференцияға ТМД-ның атқарушы органдарының, Достастыққа мүше мемлекеттердің ғылыми-сараптамалық ұйымдары мен университеттерінің, мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам пікіріне ықпал етуші тұлғалар мен студенттер қатысады.

1991 жылғы 21 желтоқсанда қол қойылған Алматы декларациясы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қалыптасуындағы негізгі құжаттардың біріне айналды. Онда мемлекеттік егемендікті, егемендік теңдікті, аумақтық тұтастықты және қолданыстағы шекаралардың мызғымастығын құрметтеу, ішкі істерге араласпау және дауларды бейбіт жолмен реттеу қағидаттары бекітілді. Бұл ережелер жаңа тәуелсіз мемлекеттердің өзара іс-қимылының саяси-құқықтық негізін қалыптастырды.

Түрікменстанда 2026 жылғы қазанда өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысындағы сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдар ішінде Достастық халықаралық деңгейде кеңінен танылған, сенім мен ынтымақтастықты нығайтудың тиімді көпжақты тетігі ретінде орныққанын айтты. Мемлекет басшысы атап өткендей, ТМД-ның басты байлығы – халықтар достығы, олардың ортақ мәдени және рухани мұрасы.

Алматы декларациясына қол қоюдың бастамашысы әрі ТМД аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың дәйекті жақтаушысы ретінде Қазақстан сындарлы диалогты сақтауға, сенім мен тату көршілікті нығайтуға, қазіргі заманғы міндеттерді ескере отырып, өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге мүдделі.

Конференция Алматы декларациясының тарихи маңызын жан-жақты пайымдауға, ТМД-ның даму эволюциясын бағалауға және одан арғы ынтымақтастықтың келешегін талқылауға арналған алаңға айналады. Мемлекетаралық өзара іс-қимылдың жинақталған тәжірибесі мен мемлекеттердің өзара мүдделеріне сай келетін практикалық байланыстарды дамыту мүмкіндіктері басты назарда болады.

Төрт тақырыптық сессия аясында қатысушылар Алматы декларациясының тарихи маңызын, онда бекітілген қағидаттардың өзектілігін, сондай-ақ ТМД институттары мен тетіктерін дамыту перспективаларын талқылайды. Экономикалық байланыстарды нығайтуға, көлік-логистика және инвестициялық ынтымақтастыққа, энергетика мен цифрландыруға ерекше назар аударылады. Орталық Азия мемлекеттерінің су-энергетика, экология, ғылым-білім және гуманитарлық салалардағы практикалық өзара іс-қимылы орнықты даму мен тату көршіліктің факторы ретінде жеке бағытқа айналады.

Конференция қорытындысы бойынша ТМД аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, өңірлік байланыстарды, сенім мен тату көршілікті нығайтуға қатысты сарапшылық ұсыныстар әзірлеу көзделеді.