Skip to content
Басты бет » Саналы таңдау жасауға арналған сайлау технологиялары

Саналы таңдау жасауға арналған сайлау технологиялары

Егер сайлау технологияларын кең ұғым ретінде қарастыратын болсақ, онда ақпараттық сүйемелдеуге де назар аудару қажет. Бұл бірінші кезекте сайлау науқаны туралы ақпаратты тұрақты жариялап тұрған, еліміздің аймақтарында семинар-мәжіліс өткізген Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) жұмысы. Сонымен қатар теледидарда, көшедегі билбордтарда, интернет-порталдарда кезектен тыс президенттік сайлау туралы халықты ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді.

Дауыс беру үшін сайлаушылардың учаскелері туралы хабардар ету бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Мысалы, сайлаушылар 109 бірыңғай-байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы қажетті ақпаратты ала алды. Аймақтарда сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін сайлау учаскесі туралы ақпарат іздейтін интернет-сервистер – арнайы порталдар,  телеграм-бот немесе мобильдік қосымшалар жұмысқа қосылды.  Осы сервистер азаматтарға сайлау учаскесі туралы ақпарат беріп, сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын алуға мүмкіндік берді.

Сайлау технологиялары үміткерлердің сайлау алдындағы науқан шегінде стратегиялары мен жұмыс әдістерін көрсетеді. Президентке үміткерлер өздерінің сайлауалды науқанында  сайлауға ықпал ететін әртүрлі технологияларға жүгінді. Ол үшін президентке үміткерлердің сайлауалды штабы баспа және аудио үгіттеу материалдарын пайдаланды. Түрлі БАҚ арналары бойынша, оның ішінде интернетте және әлеуметтік желілерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, сайлаушылармен кездесіп, түрлі іс-шараларға қатысты.

Конституция бойынша мемлекеттіміздің азаматтарына сөз еркіндігіне және ақпаратқа қолжетімділік құқығына кепілдік берілді. Бұл түрлі сарапшылар мен журналистерге үміткерлердің сайлауалды  платформасын және сайлау процесін талдауға, бағалауға, қоғамдық пікірталастар жүргізуге мүмкіндік берді.

Жоғарыда аталғандардың барлығы сайлаушыларға президенттік сайлау, үміткерлер және олардың бағдарламалары туралы барынша ақпарат алуға мүмкіндік берді. Себебі дұрыс хабардар болу саналы таңдау жасауға мүмкіндік береді.

Гүлмира Тоқанова,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

аға ғылыми қызметкері