Skip to content
Басты бет » Сапалы сараптама – көлік және сауда саласындағы ынтымақтастықты тереңдетудің кепілі

Сапалы сараптама – көлік және сауда саласындағы ынтымақтастықты тереңдетудің кепілі

Бүгін ҚСЗИ алаңында директор Еркін Тұқымов пен Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Науман Башир Бхатти арасында кездесу өтіп, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың жағдайы мен келешегі, өзара ынтымақтастықты тереңдету мен маңызды шешімдер қабылдаудағы екі елдің аналитикалық құрылымдарының байланысы мен маңыздылығы мәселесін талқыланды.

Құрметті қонаққа Институт жұмысының негізгі бағыттары туралы ақпарат бере отырып, Еркін Тұқымов екі ел арасындағы 30-жылдық дипломатиялық байланыстардың жоғары деңгейіне тоқталды: «Қазақстан мен Пәкістан Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, БҰҰ секілді жаһандық және аймақтық ұйымдар шеңберінде институционалдық байланысын арттырып, өзекті жаһандық күн тәртібі бойынша бір-біріне қолдау көрсетіп отыр. Қазақстан өзінің сауда-логистикалық әлеуетін арттыруда Оңтүстік Азия бағыты бойынша Пәкістан елін маңызды серіктес ретінде қарастырады. Бұл бағыттағы негізгі түйткілдердің бірі – Ауғанстан мәселесі екендігі белгілі. Тиімді көлік-логистикалық бағыттарды анықтау, шешімдер қабылдауда сапалы сараптаманың маңызы зор. Сондықтан біз екі елдің аналитикалық құрылымдарының тығыз ынтымақтастығын орнатуға мүдделіміз». 

Өз кезегінде Науман Башир Бхатти Қазақстанның өңірлік және өңіраралық ынтымақтастығының көптеген мәселелері бойынша қол жеткізген жетістіктері мен сыртқы саяси ұстанымын жоғары бағалады. «Сонымен қатар біздің елдеріміздің бизнес және ғылыми-сарапшылық қауымдастығы, сондай-ақ қарапайым азаматтар арасындағы институционалдық байланыстар мен ынтымақтастықты дамыту үрдісі Пәкістан мен Қазақстан арасындағы байланысты кеңейту үшін маңызды қадам болады,» – деп атап өтті.

Кездесуді қорытындылай келе тараптар екіжақты байланыстарды ілгерілету үшін сарапшылар қауымдастығының мүмкіндігін пайдалану, өзара ынтымақтастықты арттыру қажеттілігін атап өтті. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдарға, кәсіпкерлер және қарапайым азаматтар үшін өзара тиімді ынтымақтастық пен серіктестікті жүзеге асырудың оңтайлы жолдары мен мүмкіндіктерін айқындауға жағдай жасайды.