Skip to content
Басты бет » Сарапшылар саяси реформалардың жүзеге асуын талқылады

Сарапшылар саяси реформалардың жүзеге асуын талқылады

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты “Саяси реформалар: жүйелі өзгерістер кезеңі” атты сарапшылар талқылауын ұйымдастырды.

Талқылауға еліміздің әлеуметтік ғылым бағытындағы белгілі сарапшылары мен саясаттанушылары, қоғам қайраткерлері, академиялық ортаның өкілдері қатысты.

Кездесудің бірінші сессиясы 2023 жылдың наурыз айында өтетін сайлаудың ерекшеліктері мен маңыздылығын талқылаумен, саяси реформалар аясында көрініс тапқан жүйелі өзгерістердің әсерін бағалаудан басталды. Сессия жұмысына ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қатысты.

Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде қазіргі сайлау кезеңі саяси трансформацияның негізгі элементінің бірі екенін атап өтті. Саяси жүйені жүйелі түрде қайта жаңғырту және парламенттік сайлауды өткізу үшін Президенттің былтырғы наурыз айындағы Жолдауы негіз болды. Осы құжат шеңберінде бір жыл ішінде партиялық бәсекелестікті дамыту және азаматтардың Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына кандидат ретінде өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі үшін жағдайлар жасалды. Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші жүзеге асырылып жатқан саяси трансформация барлық негізгі институттарға әсер еткенін және плюрализмнің дамуына ықпал ететіні туралы айтып өтті.

Спикерлерінің пайымдауынша, саяси реформалар еліміздегі сайлау мәдениетінің түрленуі мен азаматтық белсенділіктің өсуіне мүмкіндіктер ашты. Осы сайлау науқанын мемлекеттік институттарды жаңғыртудың түпкілікті кезеңі деп те атауға болады дейді сарапшылар. Кешенді түрде жүргізілген саяси реформалар өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне ықпал етіп, жаңаруына мүмкіндік берді. Ағымдағы электоралды үдерістің басты акторлары – саяси партиялардың қатарына жаңа талаптар бойынша тіркелген саяси партиялар қосылды. Бұл да саяси реформалардың Қазақстандағы партия құру ісіне тың серпін бергенінің көрінісі.

Екінші сессияда сарапшылар азаматтық қоғамның жаңаруы жолындағы саяси жауапкершілік пен шынайы патриотизмнің орнына тоқталды. Спикерлердің пайымдауынша заманауи қоғамда саяси мәдениеттің жоғары деңгейі қоғамды ұйыстыра алады, сондықтан да бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі болып, саяси жүйенің одан әрі түрленуіне әкеліп, билік институттарын жаңғырту үдерісінің маңызды кезеңіне айналады.