Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында «Елші сағаты» форматында Француз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесу өтті.
Кездесуде француз дипломаты екі ел арасындағы қарым-қатынастың бүгінгі жай-күйі мен болашағына қатысты көзқарасын ортаға салып, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстандағы саяси реформалар, мемлекеттік институттарды жаңғырту үдерісі және елдегі саяси өзгерістердің алдағы бағыты жеке сөз болды.
ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Қазақстан мен Франция арасындағы қатынастың жоғары деңгейі мен стратегиялық сипатын атап өтті. Ол Франция Еуропалық одақ елдерінің ішінде Қазақстанмен 2008 жылы алғаш болып стратегиялық әріптестік орнатқан мемлекет екенін еске салды.
Кездесуде Франция Қазақстанның негізгі еуропалық серіктестерінің бірі болып қала беретіні, ел экономикасына инвестиция салатын алғашқы бес шетелдік инвестордың қатарында екені айтылды. Екіжақты ынтымақтастықта энергетика саласының орны ерекше. Қазақстан Францияны уранмен қамтамасыз ететін негізгі ел әрі оған шикі мұнай жеткізетін ірі елдердің бірі.
Қатысушылар Францияның Еуропалық одақтың жетекші мемлекеттерінің бірі ретінде жалпыеуропалық күн тәртібін, соның ішінде сыртқы саясат, қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық мәселелерін қалыптастыруға айтарлықтай ықпал ететінін де атап өтті.
Іс-шара барысында ашық сұрақ-жауап сессиясы өтті. ҚСЗИ сарапшылары француз дипломатымен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік қатынасын дамыту, энергетика мен білім беру салаларындағы ынтымақтастық секілді көптеген мәселені талқылады.
Орталық Азия елдерінің өзара ықпалдастығын нығайтуға, өңірдің халықаралық қатынастардағы рөлінің артуына және әлемдік саясаттағы өзекті үрдістерге ерекше назар аударылды. Тараптар халықаралық ахуал құбылып тұрған кезеңде Қазақстан мен Франция ынтымақтастығының болашағы жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Франция елшісі ұзаққа созылған дағдарысты бастан кешіп жатқан әлемдегі түбегейлі өзгерістер жөніндегі қызу пікірталас үшін ҚСЗИ-ға алғысын білдірді.
«Елші сағаты» кездесулерін ҚСЗИ Қазақстанда аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық миссия басшыларымен тікелей кәсіби диалогты дамыту мақсатында тұрақты өткізіп келеді. Мұндай кездесулер Институт сарапшыларына екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға, сондай-ақ шетелдік әріптестердің ұстанымымен тікелей танысуға мүмкіндік береді.










