2026 жылғы 24 қараша күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Венгрия халықаралық қатынастар институтының аға ғылыми қызметкері Шандор Шереметпен кездесу өтті.
Кездесуде ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен венгриялық сарапшыға институттың құрылымы мен негізгі жұмыс бағыттары туралы айтып берді. Шандор Шеремет өз кезегінде Венгрия халықаралық қатынастар институтының ел дипломатиясының бағытын айқындап, іске асыруға қалай қатысатынын әңгімеледі. Оның ішінде институттың Венгрияның жаңа сыртқы саяси стратегиясын әзірлеудегі үлесіне тоқталды.
Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастың даму мүмкіндіктерін талқылады. Олар екі институттың кәсіби байланысын нығайту мәселесіне ерекше мән берді. Бірлесіп сараптамалық семинарлар өткізу және ортақ басылымдар әзірлеу ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары ретінде қарастырылды.
Венгрия халықаралық қатынастар институты (Hungarian Institute of International Affairs, HIIA) – Венгрия Сыртқы істер министрлігі жанындағы жетекші талдау орталығы. Институт халықаралық үдерістерді зерттейді, сыртқы саясат мәселелері бойынша талдамалық материалдар дайындайды және сараптамалық пікірталастар ұйымдастырады.


