2022 жылдың 20 мамырында Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бірлесіп ұйымдастыруымен «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты саясаттанушылардың Х-шы конгресі өтті. Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, жетекші саясаттанушылар мен әлеуметтік ғылымдар саласындағы сарапшылар, академиялық қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ университет оқытушылары қатысты.
Конгрестің пленарлық отырысында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов сөз сөйледі. Институт басшысы өз сөзінде геосаяси өзгерістер халықаралық қатынастардың қалыптасқан тәртібін өзгертіп жатқанын атап өтті. Сыртқы және ішкі сын-қатерлер жағдайында қазақстандық саясаттану ғылымының одан әрі даму жолдарын айқындау қажеттілігі өзекті болып отыр.
«Біріншіден, билік пен сарапшылар қауымдастығы арасындағы байланыс әлі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Мемлекеттік саясатты қалыптастыру үдерісіне сарапшылардың тартылуына қарамастан, академиялық әлем мен мемлекеттік органдар арасында көпір салауда белгілі бір проблемалар бар. Екіншіден, саясаттану пән ретінде бір орында тұрмайды. Жалпы қабылданған догмалар үнемі өзгеріп отырады. Үшіншіден, қазақстандық саясаттанушылар дүниежүзілік саясаттануда соңғы онжылдықта жаңартылған зерттеулердің бірқатар жаңа бағыттарына назар аудара алады. Төртіншіден, Қазақстанда жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін кеңейту бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Академиялық еркіндік индексі бойынша біздің еліміз бұл бағытта өткен жылдармен салыстырғанда ілгерілеушілікті көрсетіп отыр. Саяси идеялар жеке-дара дамымайды, бұл ашық әрекеттестіктің нәтижесі болып табылады. Отандық талдау орталықтары күш біріктіретін алаң болуы керек. Бұл үшін сараптамалық орталықтарда қоғамдық пікірталастарды ынталандыру және ғылыми дәлелденген саяси шешімдерді қабылдау үшін қоғамның кең тобының тәжірибесі мен идеяларын жұмылдыру үшін барлық қажетті ресурстар бар», – деді Еркін Тұқымов.
Институт басшысы елімізде жаңа мүмкіндіктер пайда болатынын атап өтті. Еркін Тұқымовтың пікірінше, халықтың демократияландыруға деген талабы Мемлекет басшысының саяси ерік-жігерімен ұштасып жатыр. «Осыған байланысты қазақстандық саясаттанушылардың ұсынымдар мен ұсыныстар арқылы жаңа Қазақстан мен күшті демократиялық институттары бар жаңа Республика құруға мүмкіндіктері бар. Біз Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы сараптамалық орталық ретінде әр түрлі мәселелер бойынша сіздердің пікірлеріңіз бен кеңестеріңізді тыңдап, шешім қабылдайтын тұлғаларға ойларыңызды жеткізуге күш салуға дайын екенімізді айтқым келеді», – деп түйіндеді Еркін Тұқымов.
Конгресс жұмысы барысында Қазақстандағы саяси реформалардың жүзеге асырылуы, Қазақстанның партиялық жүйесінің дамуы, қазақстандықтардың идентификация моделдерінің трансформациясы мен еліміздегі саясаттану ғылымы мен жоғары саясаттану мектебін дамыту перспективаларына арналған панельдік сессиялар өткізілді.
Сондай-ақ іс-шара соңында қатысушылар «Жаңа Қазақстанды» қалыптастырудағы саясаттану қоғамдастығының рөлін институттандыруды растап, қабылданған шешімдерге сараптамалық қолдау көрсету жұмысын жетілдіруге, тұжырымдамалық-әдістемелік база мен зерттеу құралдарын кеңейтуге дайын екендіктерін білдіріп, резолюция қабылдады.