Skip to content
Басты бет » Қазақстандық және ресейлік сарапшылар өзара әрекеттестікті нығайтуда

Қазақстандық және ресейлік сарапшылар өзара әрекеттестікті нығайтуда

Қазақстан-Ресей сараптамалық кеңесінің (ҚРСК) бірінші отырысы Ресей ғылым академиясының Е.М. Примаков атындағы Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ұлттық зерттеу институтының (РҒА ӘЭХҚИ) алаңында Мәскеу қаласында өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен РҒА ӘЭХҚИ бірлесіп ұйымдастырған іс-шара дөңгелек үстел форматында өтті. Жиынға бейнебайланыс арқылы қосылу мүмкіндігі болды.

Қазақстан мен Ресей арасындағы идеялық-ақпараттық саладағы диалог пен Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздік мәселелері спикерлердің басты назарында болды.

Қазақстан-Ресей сараптамалық кеңесінің қатарына қос елдің жетекші ғылыми-сараптамалық орталықтары мен жоғары оқу орындарының өкілдері кіреді. Ал Кеңестің негізгі ұйымдары ретінде ҚСЗИ мен РҒА ӘЭХҚИ белгіленді.

ҚРСК-ның бірінші отырысына РҒА ӘЭХҚИ президенті, РҒА Жаһандық мәселелер және халықаралық қатынастар бөлімінің академик-хатшысы Александр Дынкин, ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, РҒА ӘЭХҚИ директоры Федор Войтоловский, қос елдің жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

Еркін Тұқымов өз сөзінде ҚРСК-ның миссиясы ең алдымен кәсіби мамандардың айтқанына мән беру екенін атап өтті. «Тарихшылар тарихты, сарапшылар мен саясаттанушылар саясатты талқылауы керек. Әуесқойлар мемлекетаралық қатынастар сияқты тақырыптар туралы айтпауы керек», – деп айтты ол. Маңызды міндеттердің қатарында ҚСЗИ директоры қоғамдық қабылдауда кері әсерін тигізетін түрлі фейктер мен стереотиптерге қарсы тұру қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде Федор Войтоловский ҚРСК қызметі туралы екі елдің мемлекеттік билік органдарының өкілдерін ғана емес, сондай-ақ қоғамды да хабардар етуге шақырды. Сонымен қатар қазақстандық және ресейлік сарапшылардың жас буынын диалогқа тартуды ұсынды.

Іс-шараны қорытындылай келе, қатысушылар еуразиялық кеңістіктегі қоғамдық-саяси процестерді дамытудың қазіргі заманғы үрдістері қос елдің сараптамалық қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету арқылы дипломатияның «екінші жолын» анықтау қажеттілігін атап өтті. Осыған орай бұл жұмысты жүйелік деңгейге көтеру маңызды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ҚРСК отырыстарын тұрақты негізде өткізу туралы шешім қабылданды.