Skip to content
Басты бет » Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының 2023-2024 жылдарға арналған негізгі басымдықтары

Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының 2023-2024 жылдарға арналған негізгі басымдықтары

2023 жылғы 4 шілдеде Қазақстан Республикасы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын (ШЫҰ) төртінші рет басқарды. Бүгінгі таңда бұл Азияның ең ықпалды халықаралық ұйымы. 3,5 миллиардтан астам адам тұратын ұйымға мүше тоғыз мемлекет әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бірін және әлемдік сауданың 15% астамын құрайды. Биыл шілде айында Делиде өткен ШЫҰ саммитінде Қазақстан Президенті Қ. К. Тоқаев ШЫҰ-ның қазіргі әлемдегі рөлін бағалай отырып, былай деген еді: «Саяси ықпалы зор, экономикалық мүмкіндігі мол және орасан зор адам ресурсына ие ШЫҰ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және адамзаттың заманауи сын-қатерлерін еңсеруге елеулі үлес қоса алатынына сенімдімін».

ШЫҰ-ның әлемдік саясат пен экономикадағы осындай салмақты бэкграундын ескере отырып, оған төрағалық ету Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның осы беделді ұйымға алдағы төрағалығы аясында еліміз «ШЫҰ кеңістігіндегі достық пен тату көршілік қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосып, оның жаһандық рөлін арттыруды жалғастырады». Осы мақсатта Астана ұйымға төрағалық етудің алты негізгі басымдығын айқындады:

1) ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету;

2) сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту;

3) энергетикалық ынтымақтастықты нығайту;

4) цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту;

5) экология саласындағы өзара іс-қимылды нығайту;

6) мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту.

Оларды іске асыру форматы 2023-2024 жылдар ішінде басқа мүше мемлекеттермен бірлесіп жүзеге асырылатын іс-шаралардың тұтас кешенін қамтиды. Осы кезеңге арналған қазақстандық іс-қимыл жоспары өз бастамаларын имплементациялауды да, ШЫҰ-ның бұрын бекітілген ынтымақтастық бағдарламаларын жалғастыруда сабақтастықты да көздейді.

Атап айтқанда, бірінші басымдық шеңберінде Қазақстан сенім шараларын нығайту, жаһандық деңгейде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау қағидаттары негізделетін «Әділ бейбітшілік пен келісім үшін әлемдік бірлік туралы» кешенді құжатты қабылдау жөнінде бастама көтеруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар ШЫҰ-ның дәстүрлі міндеті – «үш зұлымдық күшімен» және трансұлттық қылмыспен күресу төрағалықтың назарында қалып отыр. Осы тұрғыда Қазақстанның ұсыныстары терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жаңартуды, ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясын қабылдауды және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын қамтиды.

Ауғанстандағы жағдайдан туындайтын тұрақсыздық қатерлерін ескере отырып, Қазақстан БҰҰ арқасында ауған халқына көмек көрсетуге бағытталған халықаралық күш-жігерді шоғырландыруды жалғастыруға ниетті. Ел басшылығы Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру жөніндегі қазақстандық бастаманы іске асыруда ШЫҰ-ның қолдауына сенеді.

ШЫҰ кеңістігінде сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатында Қазақстан өзара тауар айналымын ұлғайту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, қолданыстағы сауда кедергілерін алып тастауға, бірлескен кәсіпорындарды іске қосуға назар аударуды ұсынады. Президент Тоқаевтың пайымдауынша, ұйымның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін «ШЫҰ экономикалық преференциялары» базасын құруға кіріскен жөн, сондай-ақ ШЫҰ өңірлік жобаларына тікелей және портфельдік инвестицияларды ынталандыру үшін «Астана» АХҚО әлеуетін пайдаланған дұрыс. ШЫҰ инвестициялық әлеуетін дамыту ісінде Қазақстан ұсынған ШЫҰ инвестициялық қорын құру идеясы үлкен серпіліс бола алады. 2023 жылғы 26 қазанда Бішкекте өткен ШЫҰ елдерінің үкімет басшылары кеңесінің қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен коммюникеде бұл бастаманы қатысушылар қарауға лайық деп атап өтті.

Қазақстан Еуразиядағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге қуатты серпін бере алатын ішкі өңірлік және трансконтиненталдық көліктік өзара байланысты дамытуға көп көңіл бөлетін болады. Астана мүдделі тараптарды Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасы мен Транскаспий халықаралық көлік бағытын ұштастыруға, сондай-ақ ШЫҰ ареалында өңірлік инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға тартуға ниетті. Практикалық шара ретінде Қазақстан ірі стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құруды ұсынды.

Энергетикалық қауіпсіздіктің әлемдік жүйесін қайта құру және энергетикалық ауысу жөніндегі әлемдік трендтерді есепке алудың маңызы Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету басымдықтарының тізбесіне энергетикалық ынтымақтастықты нығайтуды енгізуді түсіндіреді. Біздің еліміз Ұйымның 2024 жылғы Астана саммитінде мүше мемлекеттер ШЫҰ-ның энергетикалық стратегиясын келіседі және қабылдайды деп сенеді. 2023 жылғы 3-4 қазанда Астанада ШЫҰ Энергетикалық форумы өтті, ол орта және ұзақ мерзімді перспективада энергетикалық диалогты ілгерілетуге маңызды үлес қосты.

Қазіргі әлемдік дамудың маңызды ерекшелігі – болашақ экономиканың негізін құрайтын өмірдің барлық салаларына цифрлық технологияларды жылдам енгізу. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ елдерінің цифрлық саладағы ынтымақтастығын кеңейтуге, әртүрлі елдер мен әлеуметтік топтар арасындағы цифрлық теңсіздікті жоспарлы түрде қысқартуға, сондай-ақ олардың орнықты экономикалық дамуы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты Қазақстан ШЫҰ кеңістігінде цифрлық хаб ретінде өз қызметін ұсынады. Қазақстандық төрағалықтың осы басымдығын іс жүзінде іске асыруға 2024 жылы Астанада ШЫҰ цифрлық форумын өткізу ықпал ететін болады, оны Технопарктер мен инновациялық кластерлер пулының басқарушы комиссиясының бірінші отырысымен ұштастыру көзделіп отыр.

Жалпы әлемдік күн тәртібінің және Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының маңызды тармағы – климаттық өзгерістерге қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешу. Осыған байланысты біздің төрағалығымыздың «экологиялық» басымдығы мынадай міндеттерді қамтиды: БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасымен ШЫҰ-ның әріптестік байланыстарын орнату; қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімді әзірлеу; ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және экологиялық туризмді дамыту жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау.

Халықаралық қатынастардың бүгінгі саяси мәдениетінің дәстүрлі элементі мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту болып саналады. Осы басымдық шеңберінде Қазақстан өзінің төрағалығы кезеңінде Алматы қаласын ШЫҰ-ның туристік және мәдени астанасы деп жариялауды ұсынды. Сонымен қатар «Шанхай рухының» ортақ мұраттары мен құндылықтары әлемінде ілгерілету мақсатында «ШЫҰ-ның рухани киелі орындары» жобасын іске қосу көзделіп жатыр. Қазақстан өз тарапынан 2024 жылы Түркістанда «Алтын Орда және оның мұрасы» ШЫҰ конференциясын өткізуді ұсынады. Конференция барысында ортағасырлық Шығыстың көрнекті ойшылы және дін қайраткері Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің тұсаукесері жоспарланып жатыр.

Жалпы, Қазақстан ШЫҰ-ның әлемдік дамуға деген көзқарасын жаңартуды, жаңа геосаяси жағдайларда ұйымның әлеуетін нығайтуды, сондай-ақ оны одан әрі институттандыруды жақтайды. Осыған байланысты Астана ШЫҰ дамуының жаңа стратегиясын, ШЫҰ әлеуетін күшейту тұжырымдамасын қабылдау, ШЫҰ тұрақты өкілдер кеңесін құру туралы ұсыныстар енгізіп, оларға делегациялаушы мемлекеттердің мүдделерін толыққанды білдіру өкілеттіктерін берді.

Осылайша Президент Тоқаев биыл шілде айында Делиде өткен ШЫҰ саммитінде сөйлеген сөзін қорытындылай келе, «Төрағалық ету кезегін қабыл ала отырып, ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік, бейбітшілік және өркендеу ісін одан әрі нығайта түсу үшін ұйымдағы мәртебесіне қарамастан барлық елмен арадағы белсенді және табысты жұмысты жалғастырамыз» дейміз.

Ерболат Сейлеханов,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері