Skip to content
Басты бет » Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды

2025 жылғы 12 наурызда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Ғаламдық зерттеулер институтының басшысы, Елші Ашок Сажжанхар және Үндістан Елшілігінің әскери атташесі Панкадж Кумар Видьяртхи қатысқан кездесу өтті. Кездесу барысында Қазақстан мен Үндістанның талдамалық орталықтары арасындағы ынтымақтастықтың келешегі мен екі ел арасындағы жан-жақты серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты дамып келе жатқанына тоқталды. Ол екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін ерекше атап өтіп, әсіресе сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып жатқанын тілге тиек етті.

Елші Сажжанхар Үндістанда Қазақстанға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын, Қазақстанның Орталық Азиядағы ғана емес, одан тыс аймақтардағы да маңызды ойыншы екенін ерекше атап өтті. Әсіресе, Қазақстанның Ауғанстан экономикасы мен инфрақұрылымын қалпына келтірудегі белсенді қатысуы мен қолдауы ерекше назарға ілінді. Оның пікірінше, бұл Үндістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтады, себебі Үндістан да Ауғанстанға техникалық көмек көрсетуге айтарлықтай үлес қосып келеді.

Тараптар Қазақстан мен Үндістан арасындағы көлік-коммуникация, логистика және ядролық салалардағы ынтымақтастық әлеуетін кеңейтуге ерекше назар аударды. Сондай-ақ, олар екі елдің Трансауған дәлізін дамытуға белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, үнді тарапы Үндістан мен Орталық Азия елдері арасындағы ең қысқа көлік дәліздерінің бірі саналатын Чабахар портының дамуының стратегиялық маңызын ерекше қарастырды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Үндістан арасындағы серіктестіктің тиімділігін арттыруға бағытталған нақты шаралар жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, бірлескен жобаларды іске асыру, зерттеулер мен әзірлемелер жүргізу мүмкіндіктері қарастырылды. Сондай-ақ, өзара инвестициялық тартымдылықты арттыру және жаңа экономикалық мүмкіндіктер жасау жолдары талқыланды. Бұдан бөлек, тараптар екі елдің ғылыми мекемелері арасындағы сараптамалық-талдамалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын ерекше атап өтті.