Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-да ресейлік сарапшымен кездесу өтті

ҚСЗИ-да ресейлік сарапшымен кездесу өтті

2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) институт қызметкерлерінің ресейлік белгілі саясаттанушы-халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы, Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (университетінің) Халықаралық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Александр Никитинмен сараптамалық кездесуі өтті.

Кездесу барысында профессор Никитин ММХҚИ-дің әлем мемлекеттерінің ғылыми-технологиялық саладағы саясатына арналған кешенді зерттеуін таныстырды. Сондай-ақ ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, БРИКС, АӨСШК және басқа да халықаралық ұйымдар мен бірлестіктердің даму перспективалары жөнінде пікір алмасу өтті.

ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен атап өткендей, технологиялық өзгерістердің жеделдеуі әлемдік саясат пен халықаралық экономиканың трансформациялануына ықпал ететін негізгі факторлардың біріне айналып отыр. Мұндай жағдайда сараптамалық пікір алмасудың маңызы арта түседі. Бұл өз кезегінде болып жатқан өзгерістерді және олардың Қазақстан, Ресей мен жалпы Еуразия өңірі үшін ықтимал салдарын тереңірек бағалауға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ҚСЗИ мен ресейлік сарапшылар қауымдастығы арасындағы зияткерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін растады.

Дайджест жаңалықтарына жазылу