2025 жылғы 9 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі мырза Сильван Гиогемен кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Францияның талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне ерекше назар аударды.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Францияның сараптамалық құрылымдарымен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдіріп, оларды 2025 жылдың күзіне жоспарланған Think Tank Forum аясындағы іс-шараларға қатысуға шақырды.
«Геосаяси тұрақсыздық жағдайында халықаралық қауіпсіздік, орнықты даму, су және климаттық тәуекелдерге қатысты өзара пікір алмасу аса маңызды», — деп атап өтті Ж. Шаймарданов.
Сондай-ақ кездесуде өңір елдерінің сараптамалық орталықтары қатысатын «Орталық Азия – Франция» форматындағы көпжақты сараптамалық ынтымақтастықты іске қосу бастамасы талқыланды. Бұл бастама стратегиялық әріптестік аясындағы диалогты жалғастырудың қисынды қадамы болар еді.
Француз тарапы өз кезегінде сараптамалық қауымдастықтар арасындағы тұрақты байланыстардың маңыздылығын атап өтті.
Сильван Гиоге мырза сондай-ақ, Қазақстан-Франция қатынастарын дамыту үшін маңызды оқиға 2025 жылдың сәуір айында Астанада әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталған Француз даму агенттігінің өкілдігінің ашылуы болғанын атап өтті. Өкілдікті ашу туралы уағдаластыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қарашада Францияға мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілді.
Кездесу барысында тараптар бүгінде тұрақты даму жолына түскен Қазақстан мен Франция арасындағы қатынастардың қазіргі деңгейі мен даму болашағын талқылады. Қорытындысында сараптамалық деңгейдегі тығыз ынтымақтастық тараптардың өзара ұстанымдарын тереңірек түсінуге, сондай-ақ жаһандық сын-қатерлерге ортақ шешімдер іздеуге жол ашатыны атап өтілді.

