Skip to content
Басты бет » Қазақстан қоғамының жаңа құрылымдық тілі: әлеуметтік тін (құрылым) қалай өзгереді?

Қазақстан қоғамының жаңа құрылымдық тілі: әлеуметтік тін (құрылым) қалай өзгереді?

Айгүл Забирова

Айгүл Забирова,

ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері

әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор

Қазіргі қоғам тек сыртқы келбетімен ғана емес, оның ішкі грамматикасымен де өзгеруде. Қоғамның тек сырт келбеті ғана емес, терең коды да өзгеруде. Бұл нені білдіреді және қайда алып барады? Бұл туралы – ҚСЗИ-дың авторлық колонкасында.

Жақында ғана әлеуметтанушылар адамның мінез-құлқын дәл болжау үшін оның жасын, жынысын, білімі мен тұрғылықты жерін білсе жеткілікті болатын. Бұл қарапайым айнымалылар сенімді кілт іспетті еді – кім неге жол талғамайтын көлік алады, ал енді бірі шағын хэтчбекке мінеді, бірі ащы соус алса, екіншісі диеталық йогурт таңдайды, әйел асүй жиһазын несиеге алса, ер адам балық аулауға шығуға ақша жинайды – бәрі түсінікті болатын. Қазақстанда да бұл үлгілер ұзақ уақыт бойы жұмыс істеді. Мысалы, қала тұрғындары зайырлы көзқараста болды, жастар өзгеріске ашық, әйелдер билікті жиі қолдайтын, ал тұрмысы төмендер мемлекетке тәуелді болды. Басқаша айтқанда, бұл байланыстар түсінікті әрі болжамды еді.

Алайда қазір бәрі өзгеріп келеді. Біз жиі парадокстарға тап боламыз: бірдей табыс деңгейіндегі екі адам қарама-қарсы саяси партияларға дауыс береді, жоғары білімді жас консервативті отбасылық құндылықтарды ұстанады, ауыл тұрғыны қаладағы замандасына қарағанда төзімді болып шығады. Кедейлер өздеріне көмектесуге уәде бергендерге міндетті түрде дауыс бермейді, ал байлар әрдайым бар тәртіпті қолдай бермейді.

Қазақстанда біз бұл өзгерістерді ерекше сезінеміз. Неге? Өйткені қоғам дәуірлердің тоғысында, мәдениеттер мен үміттердің қиылысында өмір сүріп жатыр. Не айтқымыз келеді? Кеңестік кезеңде туған ұрпақ TikTok пен Құранды қатар ұстап баласын тәрбиелеп отыр. Біреу Оксфордта бес жыл оқығанымен, ауылдағы әжесінен өмірдің мәнін іздейді. Біреу ауылдан шықпағанымен – іштей философ, ақын, музыкант, болашағының стратегы.

Қысқасы, бұл өзгерістер Қазақстан шындығында айқын сезіледі. Біз өтпелі қоғамбыз – мұнда посткеңестік «жалғыз әрі дұрыс жол» логикасы құндылықтар әралуандығымен, мәдени бәсекемен және болмыс іздеудің алаңдауымен бетпе-бет келуде. Бүгінде біз қазақстандықтарды жай ғана жастар, байлар немесе қала тұрғындары деп бөле алмаймыз. Шекаралар тереңде жатыр – әділеттілік пен әділетсіздік сезімінде, қорлану тәжірибесінде, мәдени тиістілікте және ұлттың ішіндегі «өзін сезінуде».

Кілттер туралы аллегорияға қайта оралсақ – әлеуметтанушылар дәстүрлі кілттердің енді жеткіліксіз екенін жиі байқап отыр. Иә, біз әлі де сол кілттерді қолданамыз, бірақ жаңа есіктерді ашу үшін жаңа құралдар қажет екені барған сайын айқындала түсуде.

Әлем өзгерді. Адам күрделіленді, көпқабатты бола түсті. Табыс деңгейі адамның қалай дауыс беретінін, не үшін көшеге шығуға дайын екенін немесе неге өз елінде бөгде сезінетінін түсіндіруге жеткіліксіз. Бірдей табыс пен білімге ие адамдар әртүрлі әрекет ете бастады. Саяси ұстанымдар енді әлеуметтік таппен ғана анықталмайды. Жаңа, дәстүрлі социологияға сыймайтын ұжымдық болмыс формалары пайда болды. Қоғамдық құрылым енді тек демография мен экономикаға бағынбайды.

Америкалық саясаттанушы Инглхарт пен француз социологы Бурдьенің зерттеулері адамның әрекеті тек объективті жағдайлармен емес, оның ішкі мағыналық жүйесімен – яғни шындықты қалай қабылдайтынымен анықталатынын көрсетті. Бір заңды бірі – мемлекеттің қамқорлығы деп түсінсе, екіншісі – соққы деп қабылдайды. Бағаның бірдей көтерілуіне бірі қолдау білдірсе, екіншісі қарсы болады. Бұл жай ғана пікір емес – бұл адамның дүниеге беретін мағынасы, оның «қалыптылық» туралы түсінігі.

Бұл неге соншалықты маңызды болып отыр? Өйткені біз жағдай емес, қабылдау анықтайтын заманда өмір сүріп жатырмыз. Адамдар кедей, жас, әйел немесе ауыл тұрғыны болғандықтан емес, алаңдағандықтан немесе өзгеріске үміттенгендіктен әрекет етеді. Өйткені олар әділеттілікті тепе-теңдік немесе өтеу ретінде қабылдайды. Өйткені олар адамның дауысы әлі де маңызды деп сенеді.

Тағы бір маңызды жайт: біз – өзін іздеп жүрген елміз. Бұл ізденіс тек саясат немесе экономика туралы емес. Бұл – бұрын көп еленбеген адамның, азаматтың ізденісі. Мүмкін, бұл – бүгінгі өзгерістердің ең бастысы. Дәл осы идея – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымының негізінде жатыр.

P.S. Әлеуметтанушыларға сұрақ: қазіргі таңда қандай «жаңа айнымалылар» шешуші деп ойлайсыз? Қазақстандағы адамның әрекетін не шын мәнінде түсіндіреді? Ойларыңызбен бөлісіңіз.