2026 жылғы 5 мамырда Қазақстандағы Ұлыбритания Елшілігінің шақыруымен ҚСЗИ сарапшыларының Корольдік қорғаныс зерттеулер колледжі (Royal College of Defence Studies) делегациясымен кездесуі өтті. Делегация академиялық тур аясында Астана қаласына сапармен келді. RCDS делегациясының құрамына Ұлыбритания, Бразилия, Гана, Германия, Израиль, Үндістан, Нидерланд, Пәкістан, Папуа-Жаңа Гвинея және Франция сияқты он шет елдің өкілдері кірді.
Қазақстан тарапынан іс-шараға ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен, халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Әлия Мұсабекова, халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Мұхит Асанбаев, еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Алишер Әбдрешев және азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Жанарбек Джанабаев қатысты.
Кездесу барысында тараптар жаһандық саясаттағы негізгі үрдістерді, халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясатының басты қағидаттары мен бағыттарын талқылады.
Ұлыбританияның Корольдік қорғаныс зерттеулер колледжі – қорғаныс және стратегиялық қауіпсіздік саласындағы жоғары оқу орны. Ол 1927 жылы құрылған және Біріккен Корольдіктің Қорғаныс академиясының құрамына кіреді. Колледж жоғары буын офицерлерін, дипломаттарды және мемлекеттік қызметшілерді жоғары басшылық лауазымдарға даярлайды.


