Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының қорытынды стратегиялық сессиясын өткізді

ҚСЗИ жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының қорытынды стратегиялық сессиясын өткізді

16 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) «Құрылымдық өзгерістер жағдайындағы Қазақстанның өңірлік дамуы: талдау және шешімдер – 2026» тақырыбында жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының қорытынды стратегиялық сессиясы өтті. Іс-шараға бағдарламаның финалистері мен түлектері, сондай-ақ тәлімгерлер мен Институт сарапшылары қатысты.

Сессияны аша отырып, ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және геосаяси процестердің тығыз өзара байланысын ескере келе, елдің сараптамалық әлеуетін дамытудың ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Осы орайда, сенімді деректерге, ғылыми тәсілдерге және қоғам сұраныстарын терең түсінуге негізделген сапалы талдауға деген қажеттілік артып келеді.

ҚСЗИ директорының айтуынша, бағдарлама күрделі әлеуметтік процестерді талдай алатын және Қазақстанның стратегиялық дамуына қатысты негізделген ұсыныстар әзірлей алатын талдаушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Зерттеу нәтижелерін мемлекеттік саясатқа қатысты нақты ұсынымдарға айналдыра алу қабілетіне ерекше мән беріледі.

Бағдарлама үйлестірушісі, ҚСЗИ ғалым хатшысы Айгүл Көшербаева финалистер мен қатысушыларды оқу бағдарламасын аяқтауларымен құттықтап, олардың дайындаған жұмыстарының практикалық құндылығын атап өтті.

Оның айтуынша, Policy Paper форматы мәселенің түпкі себептерін талдаудан өтіп, ықтимал шешімдерді бағалауға және мемлекеттік басқару қажеттіліктеріне бейімделген нақты ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Сессия барысында мұғалімдердің кәсіби дамуы, денсаулық сақтау саласындағы аймақтық теңсіздіктерді азайту, медициналық қызметтерге қолжетімділік және цифрлық алшақтықты жою сияқты тақырыптар бойынша зерттеулер ұсынылды. Сондай-ақ, баяндамаларда «Орта дәлізді» дамытудың экономикалық әсерлері, инновацияларды басқаруда жасанды интеллектіні қолдану, аймақтардың бейімделу әлеуетін арттыру, мәдени саясатты жетілдіру, сондай-ақ NEET санатына жататын әйелдердің әлеуметтік жағдайы мәселелері қамтылды.

Стратегиялық сессия зерттеу нәтижелері мен ұсынылған шешімдерді кәсіби тұрғыдан талқылау алаңына айналды. Қорытындылардың негізделуіне, пайдаланылған деректердің сапасына және ұсынымдарды іске асырудың практикалық шарттарына ерекше назар аударылды.

Іс-шара барысында финалистерге дипломдар, ал бағдарлама қатысушыларына сертификаттар табысталды. Ж.Шаймарданов тәлімгерлер мен сарапшыларға зерттеу барысындағы бағыт-бағдары және талдамалық материалдардың сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, ол институттың жас сарапшылармен ынтымақтастықты жалғастыруға, кәсіби байланыстарды дамытуға және келешегі бар талдамалық бастамаларды қолдауға мүдделі екенін жеткізді.

ҚСЗИ-дың жас сарапшыларды қолдау бағдарламасы әлеуметтік ғылымдар саласындағы отандық жас зерттеушілердің кәсіби құзыреттілігін дамытуды көздейді. 2026 жылы Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен 60-тан астам өтінім келіп түсіп, конкурстық іріктеу нәтижесінде 47 үміткер ұсынылды. Оқыту бағдарламасы төрт апталық әдіснамалық модульден және жеке тәлімгерлердің жетекшілігімен жеке аналитикалық баяндамаларды әзірлеуге арналған сегіз апталық кезеңнен тұрды. 7 қазанда ҚСЗИ гранттарын алған тоғыз финалист іріктеп алынды.

Дайджест жаңалықтарына жазылу