2026 жылғы 28 сәуір күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінде Корея Республикасының Алматыдағы Бас консулы Ха Тэ Ук мырзамен кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар екі елдің қарым-қатынастарының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, тараптар 2026 жылғы қыркүйекте өтетін «Оңтүстік Корея – Орталық Азия» мемлекет басшылары саммиті, 2027 жылы Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы, сондай-ақ корей халқының Қазақстанға депортацияланғанына 90 жыл толуы секілді маңызды оқиғалар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, жаңа геосаяси және геоэкономикалық жағдайда екіжақты ынтымақтастықты әртараптандыру мүмкіндіктерін, сондай-ақ жаңа технологиялар, жасанды интеллект және басқа да салалардағы әріптестікті кеңейту жолдарын қарастырды.
Бас консул Корея Республикасының Қазақстанды стратегиялық маңызы бар серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Сонымен қатар ол көптеген оңтүстіккореялық компаниялар мен бизнес-жобалар шоғырланған Алматы қаласының ерекше мәртебесіне тоқталып, еліміздің ең ірі мегаполисінің әлеуеті мен мүмкіндіктерін зерделеуге бағытталған арнайы зерттеулер жүргізудің маңыздылығын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша Корея Республикасының зерттеу институттарымен байланыс орнату, Алматы қаласындағы Бас консулдықтың қолдауымен бірлескен семинарлар мен зерттеулер ұйымдастыру, олардың нәтижелерін жариялау, сондай-ақ екіжақты қатынастарға қатысты өзекті тақырыптар бойынша ашық дәрістер өткізу мүмкіндіктері талқыланды.



