Өзбекстанға жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов Өзбекстанның негізгі зерттеу және талдау орталықтарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді.
Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институтының директоры Элдор Ариповпен келіссөздер барысында Қазақстан-Өзбекстан сарапшылар кеңесінің үшінші отырысын өткізу туралы келісімге келіп, оны алдағы жоғары деңгейдегі сапарға орайластыру жоспарланды. Сондай-ақ тараптар Орталық Азияға арналған бірлескен талдамалық өнімді әзірлеу тәсілдері мен оны халықаралық алаңдарда ілгерілету мүмкіндіктері бойынша пікір алмасты.
Орталық Азия халықаралық институтының директоры Жавлон Вахабовпен өткен басқосуда 2025–2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына енгізілген іс-шараларға өзара қатысу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, талдау орталықтары арасында академиялық даму мен тәжірибе алмасуға арналған воркшоптарды ұйымдастыру форматы жеке қарастырылды.
Халықаралық перспективалық зерттеулер институтының директоры Акрам Умаровпен сараптамалық алмасу барысында тараптар 2025 жылғы 15–16 қазанда Астанада өтетін Astana Think Tank Forum аясында бірлескен талдамалық жұмысқа қатысуға дайын екендіктерін растады.
Сондай-ақ Стратегиялық реформалар агенттігі, Сыртқы саясат зерттеулері және халықаралық бастамалар орталығы, Болжамдау және макроэкономикалық зерттеулер институты, Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығы басшыларымен өткен кездесулерде халықаралық күн тәртібі, Қазақстан мен Өзбекстандағы реформалар, сыртқы экономикалық қызмет және Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету перспективалары бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті.
Сонымен қатар, ҚСЗИ директоры Орталық Азия халықаралық институты мен Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған «Абай Құнанбайұлының рухани мұрасының Орталық Азия халықтарының мәдени интеграциясын нығайтудағы рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар Абай мұрасының өңір халықтарын біріктіру және олардың гуманитарлық байланыстарын нығайтудағы мәдени рөлін атап өтті.



