Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ сарапшысы ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған конференцияда баяндама жасады

ҚСЗИ сарапшысы ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған конференцияда баяндама жасады

29 тамыз күні Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Астанада «Конституция және мемлекеттілік: құқық және болашақ диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға шетелдік конституциялық соттардың судьялары, отандық және шетелдік жетекші заңгер-ғалымдар, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, кәсіби заңгерлік қауымдастық пен халықаралық ұйымдар қатысты.

«Конституциялық тұрақтылық пен қорғау: заң мен тәртіп – болашақтың негізі» сессиясы аясында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы Марат Жұмағұлов баяндама жасады.

Талқылаудың негізгі тақырыптары:

  • құқықтық тәртіпті қорғау жүйесінің конституциялық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі;
  • заңдарды сақтау мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу міндеттемесінің қазіргі түсіндірмесі;
  • болашақта Конституцияны қорғаудың тиімді тетіктері қандай болуы тиіс деген мәселе.

М.Жұмағұловтың айтуынша, Конституциялық Сот «интеллектуалдық сүзгі» ретінде әрекет етіп, азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің теңгерімін бұзуы ықтимал артық немесе асығыс бастамаларды болдырмайды.

Баяндамашының тұжырымдары соңғы жылдардағы Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарына негізделген мысалдармен дәлелденді:

  • 2023 жылғы 8 сәуір – өкілеттіктерді ажырату барысында құқықтық анық еместікке жол бермеу;
  • 2023 жылғы 6 қазан – әкімшілік істер бойынша аппеляция беру мерзімдеріндегі қайшылықтарды жою және процессуалдық кепілдіктер теңдігін қамтамасыз ету;
  • 2024 жылғы 10 қаңтар – құқықтық тәртіп тұрақтылығын сақтай отырып, процессуалдық шараларды орындауға дейін оларды шағымдану құқығын қамтамасыз ету;
  • 2024 жылғы 24 және 27 желтоқсан – процессуалдық тиімділік, сот төрелігіне қол жеткізу құқығы және заңның кері күшіне тыйым салу арасындағы теңгерімді табу.

Сонымен қатар, Марат Жұмағұлов «жұмсақ конституциялық активизм» үрдісін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдайда Сот жүйені бұзбайды, керісінше кезең-кезеңімен жетілдіріп, заңды түсіндірудің жаңа стандарттарын конституциялық құндылықтар негізінде қалыптастырады.

Ол сондай-ақ Конституциялық Соттың алдын алу рөлін күшейтуге бағытталған бірқатар қадамдарды ұсынды:

  • алдын ала конституциялық бақылау тетіктерін кеңейту;
  • билік тармақтарымен тұрақты консультациялық өзара іс-қимыл арналарын құру;
  • күрделі істерді қарау барысында сыртқы сарапшыларды (amicus curiae) тарту;
  • жаңа заңдардың конституциялық ықпалына баға беру тәжірибесін енгізу;
  • азаматтар үшін құқықтық ұстанымдардың ақпараттық ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру.

Қорытындылай келе, М.Жұмағұлов: «Бүгінгі күні Конституциялық Сот – бұл тек құқықтық айқындықтың кепілі ғана емес, сонымен қатар елдің тұрақты құқықтық болашағының сәулетшісі», – деп атап өтті.