Skip to content
Басты бет » Қазақстан мен Моңғолия арасындағы көлік-логистикалық мүмкіндіктер ҚСЗИ-да талқыланды

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы көлік-логистикалық мүмкіндіктер ҚСЗИ-да талқыланды

2025 жылғы 14 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) «Қазақстан мен Моңғолия арасындағы көлік-логистикалық мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Моңғолия Стратегиялық зерттеулер институтымен (СЗИ) бірлесіп ұйымдастырылды. Кездесу модераторы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев болды.

Моңғолия СЗИ Орталық Азия зерттеулері орталығының жетекшісі Эрдэнэцогт Доржпалам қатысушыларды институттың қызметімен және өзі басқарып отырған орталықтың негізгі жұмыс бағыттарымен таныстырды.

Талқылау барысында қатысушылар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастық теміржол және автокөлік қатынасынан бастап азаматтық авиация мен инфрақұрылымды дамытуға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтитынын атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар автомобиль және теміржол көлігімен жүк тасымалы көлемінің оң динамикасын атап өтіп, Астана, Өлгей және Ұланбатыр арасындағы тікелей әуе қатынасын кеңейтуге мүдделілік білдірді. Бұл өз кезегінде екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, іскерлік байланыстардың дамуына ықпал ететіні айтылды.

blank