29 қаңтар күні ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында Экономика жөніндегі Сарапшылар кеңесінің отырысы өтті. Жиында әлемдегі геосаяси ахуал және Қазақстандағы конституциялық реформа аясындағы саяси жүйенің трансформациясы тұрғысынан сапалы экономикалық өсім мәселелері қаралды.
Сараптамалық талқылаудың күн тәртібінде конституциялық реформа шеңберінде институционалдық ортаны жаңарту, мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қалыптастыру және оның сапалы экономикалық өсімді ынталандыру мен инвестициялық тартымдылыққа әсері жөніндегі мәселелер қарастырылды.
Сонымен қатар, Сарапшылар кеңесінің қатысушылары жаһандық саясаттағы фрагментация мен поляризация күшейген жағдайда сыртқы конъюнктураның сапалы экономикалық өсімге ықпалын талқылады. Мұндай жағдайда елдің табысы уақытылы бейімделу қабілетіне және жаңа күн тәртібін қалыптастыру үдерісіне белсенді қатысуына байланысты болатыны атап өтілді.
Кеңес отырысына жетекші талдау орталықтарының басшылары мен өкілдері, атап айтқанда, «Desht» талдау орталығының басшысы Қуаныш Жайықов, AERC Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының бас директоры Жаныбек Айгазин, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Құсманов, SDSN Kazakhstan тең төрағасы және Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің доценті Серік Оразғалиев, сондай-ақ Aretera Public Affairs Орталық Азия бойынша кеңесшісі Азиз Искаков қатысты.











