Skip to content
Басты бет » Бірегей шешім

Бірегей шешім

Айгүл Забирова

Айгүл Забирова,

ҚР Президенті жанындағы

ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері

2026 жылғы 16 мамырда Президент «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім қандай уақыттық кезеңге есептелген және неге оны есепті кезеңнің өлшемдерімен бағалау мүмкін емес? Осы сұрақтарға жауап беруге тырысып көреміз.

Әрбір мемлекеттік шешімнің өз мерзімі болады. Жол екі жылда салынады. Мектеп бір жарым жылда тұрғызылады. Қолдау бағдарламасы бесжылдыққа іске қосылады. Бұл мерзімдер адам қабылдауына сыйып кетеді: оларды бастауға да, аяқтауға да болады, оларды тексеруге болады, ең соңында сол бойынша есеп беруге де болады. Ал оқу мәдениетін дамыту және оқырман ұлтты қалыптастыру туралы Жарлық өзге уақыт өлшемінде жұмыс істейді. Оның мерзімі – бір буын алмасатын уақыт.

Жарлықтың нені меңзейтіні туралы түсіну үшін бір сұраққа жауап беру қажет. Сауатты ұлт пен оқырман ұлт — бір ұғым ба, әлде әр түрлі нәрселер ме? Алғашында екеуі де бір нәрсе сияқты көрінеді. Алайда, шын мәнінде, бұл қоғамның екі түрлі күйі. Сауаттылық дегеніміз — мәтінді оқи білу, әріптерді тану, сөздерді құрастыру, қаптамадағы, нұсқаулықтағы немесе жаңалық тақырыбындағы жазылғанның мағынасын түсіну қабілеті. Ал оқырман ұлт мүлде басқа түрде қалыптасады. Бұл — оқу арқылы өз болмысы туралы ойлайтын адамдар қауымдастығы. Әдебиеттен өз өміріне қатысты сөздерді табатын және кейін сол сөздерді жұмыс, отбасы, ел, таңдау туралы әңгімелерде қолданатын адамдар. Бұл екі күйдің арасында үлкен алшақтық бар. Жарлық дәл сол алшақтыққа бағытталған.

Президенттік Жарлық дәл осындай уақыт көкжиегін көздеп отыр. Бұл Жарлықтың құрылымының өзінен-ақ көрініп тұр. Жарлық кітап жылын немесе оқу айын жарияламайды, керісінше кітапханалар, мектеп бағдарламалары, баспагерлер мен аудармашыларды қолдау, жазушыларға арналған инфрақұрылым сияқты элементтері бар ұзақ мерзімді институционалдық бағдарламаны бекітеді. Мемлекет іс жүзінде мынаны мойындайды: жүзеге асуы тиіс нәрсе тез орындалмайды, сондықтан нәтиже шұғыл қажет болатын сәтті күтпей, қазірден бастау керек.

Бірақ мұнда зерделі оқырманның заңды сұрағы туындайды. Бізде мәдениетті, тілді және әдебиетті қолдауға арналған көптеген бағдарламалар болды ғой, дейді ол. Олардың бір бөлігі игерілген бюджеттер мен есептермен аяқталды, ал сол есептерден кейін нақты оқырмандық тәжірибеде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Ендеше, не өзгереді? Неге бұл Жарлық басқаша жұмыс істеуі тиіс? Бұл орынды сұрақ. Мәселе бұл шешімнің түбегейлі жақсы ойластырылғанында емес, оның уақыттық көкжиегінің өзгеше құрылуында. Алдыңғы буындағы бағдарламалар өз нәтижесін мерзім соңында есеп берумен бағалайтын. Бір жыл ішінде нәтиже көрсетуге міндеттелген кез келген бағдарлама, ерте ме, кеш пе, сол нәтижені имитациялауға бейім болады. Қамту көрсеткіштері өседі, іс-шаралар өткізіледі, есептер тапсырылады, ал шынайы оқырмандық тәжірибеде ештеңе өзгермей қалады. Ал бір ұрпаққа есептелген бағдарламамен нәтижені қолдан жасауға келмейді. Онда имитация тиімді болатын аралық есептік нүкте жоқ. Оның уақытпен жасасқан шарты мүлде басқа.

Бірақ мұндағы ең қызығы – басқада. Мәселе: оқитын ұлт жалпы не үшін қажет деген сұрақта. Әрбір қоғамның өзі туралы сөйлесуге арналған өз тілі болуы керек, ал ол тіл әдебиет арқылы қалыптасады. Жазушы өз замандасының қалай өмір сүріп жатқанын дәл сипаттайтын сөзді табады, ал сол сөз кітаптан шығып, күнделікті қолданысқа, асүйдегі әңгімелерге, қоғамдық пікірталастарға және адамның өз өмірі туралы ойлау тәсіліне енеді. Өз әдебиеті жоқ ел өзі туралы айтқанымен, оны өзгенің сөзімен жеткізеді. Демек, шешімдерді де бөтен өлшемдер мен координаттар жүйесінде қабылдайды.

Парадокс мынада: бұл тіл Қазақстанда әлдеқашан қалыптасып, жасалып жатыр. Соңғы жиырма жыл ішінде қазіргі қазақ әдебиеті едәуір өзгерді және бұл өзгеріс айқын байқалады. Біздің жазушылар қала өмірі, әйел тәжірибесі, ауыл мен қала арасындағы алшақтық, алаңдаушылық, таңдау мәселесі және өз тілін әлі де іздеп келе жатқан елде өзің болып қалудың мәні туралы жазады. Бұл прозаның кейіпкері енді дайын ақиқатты жеткізуші эпикалық тұлға емес, бір мезетте бірнеше әлемнің арасында өмір сүретін өтпелі кезең адамы. ҚСЗИ-дің тапсырысы бойынша дайындалған сараптамалық баяндамалардың бірінде әдеби кеңістіктің қазіргі жағдайы «оқырманы жоқ әдебиет» деген бір қарағанда парадоксты тұжырыммен сипатталған. Романдар мен повестер жазылып жатыр, авторлар еңбек етуде, тақырыптар жаңарып келеді. Алайда әдебиет пен қоғам арасындағы байланыс барған сайын әлсіреуде. Қазақстандағы әдебиет мағыналар мен идеяларды өндіруді жалғастырып отырғанымен, олардың таралу тетіктері әлсіреп қалды. Мәселе неде?

Бұл алшақтықтың өзіндік себебі бар. Егер аға буын үшін мағына мен тіл отбасы, мектеп және кітапхана арқылы қалыптасса, бүгінде олар ақпараттық таспа арқылыкеледі. Жас қазақстандық үздіксіз хабарламалар, бейнероликтер, пікірлер, лайктар мен алгоритм ұсынатын контент ағынында өмір сүреді. Мұндай ортада кітап жоғалып кетпейді, бірақ өздігінен қайта өндірілу қасиетінен айырылады. Бұрын көлемді мәтін есейіп-жетілудің дерлік ажырамас бөлігі болатын, өйткені терең мазмұнды жеткізетін басқа арналар іс жүзінде жоқ еді.  Ал бүгінде көлемді мәтін жылдамдыққа, фрагменттілікке және назарды үнемі ауыстырып отыруға негізделген өзге логикамен жұмыс істейтін платформалармен бәсекеге түсуде. Бұл бәсекеде әдебиет сапасы төмен болғандықтан емес, орта енді автоматты түрде қалыптастырмайтын күш-жігерді талап ететіндіктен ұтылып отыр. Сондықтан да Жарлықта бұрынғы кітапхана үлгісіне қайта оралу туралы емес, жаңа форматтағы кітапханалар, цифрлық платформалар және жасанды интеллекттің дамуы жағдайындағы оқырмандық инфрақұрылым туралы айтылған. Мемлекет оқудың бұрынғы қалпына қайта оралмайтынын түсінеді. Мәселе – көлемді мәтінді цифрлық заманауилыққа қарсы қоюда емес, оны сол цифрлық ортаға қалай үйлестіріп енгізуге болатынында.

Кітап оқуды дамыту туралы Жарлық, өзге мақсаттармен қатар, қоғамның өзін-өзі сипаттайтын төл тілін қалыптастыруға да үлес қосады. Бұл мемлекет кітап жазады дегенді білдірмейді. Мемлекет кітап жазбайды әрі жаза алмайды. Оның орнына қазақстандық әдебиеттің оқылып, талқыланып, назарға ілігіп және қолдау табуына мүмкіндік беретін орта қалыптастырылады. Мұндай орта болмаса, ең қуатты шығармалардың өзі көзге түспей қалады, ал қазақстандық өмір туралы ең нәзік әрі терең пайымдаулар сұраныссыз күйінде қалады.

Мұндай шешімдердің қаншалықты уақтылы екені – өз алдына бөлек мәселе. Президенттің Жарлығы қоғам негізгі қалыптасу кезеңінен өткен тұста жарияланып отыр. Енді келесі деңгейдегі міндеттер туындайды: қоғамдық пікірталастардың сапасы, қабылданатын шешімдердің сапасы және қоғамның күрделі мәселелерді жеңілдетпей талқылай алу қабілеті. Бұл міндеттердің барлығы халықтың күрделі мәтіндерді оқып, түсіне білу дағдысына сүйенеді. Бұрын мұндай шешім ертерек болар еді, ал кейінірек қабылданса, жіберілген мүмкіндіктердің орнын толтыруға тура келер еді.

Оқуды дамытуға қатысты шешімдер көбіне әсерлі болып көрінбейді. Олар жылдам нәтиженің көрінісін бермейді, дабыралы тақырыптар туғызбайды және сайлауалды уәделердің форматына сыймайды. Олардың күші басқа нәрседе. Ол – жиырма-отыз жылдан кейін қоғамның өз өмірі туралы кімнің тілінде ойлайтынын өзгерте алуында. Жарлықтың күрделілігі де осында. Ол бүгінгі таңда дауыс беру құқығына ие болмаған, тіпті кейбірі әлі дүниеге келмеген адамдарға арналып қабылданған. Ал оны қабылдап отырғандардың бір бөлігі оның нақты нәтижесін көріп үлгермеуі мүмкін. Бұл – мемлекеттік басқару логикасында сирек кездесетін шешім. Ол біз үшін емес, біз туралы қабылданған шешім.

Дайджест жаңалықтарына жазылу