Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ қабырғасында Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының өкілдерімен кездесу өтті

ҚСЗИ қабырғасында Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының өкілдерімен кездесу өтті

2026 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының (ҚҚҒА) академигі, ҚҚҒА Халықаралық стратегия ұлттық институтының (ХСҰИ) бұрынғы директоры Ли Сянъян бастаған ХСҰИ делегациясымен кездесу өтті. Делегация құрамында ҚҚҒА жанындағы «Азия-Тынық мұхит аймағының заманауи зерттеулері» журналының редакторы Чжан Чжунъюань және Азия-Тынық мұхит аймағындағы қауіпсіздік пен дипломатия зерттеулері департаментінің директоры Чжан Цзе болды.

Қытайлық әріптестерін қарсы ала отырып, ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен Қазақстан мен Қытай қатынастары өзара сенім мен стратегиялық серіктестік негізінде дәйекті түрде нығая түскенін атап өтті. Сондай-ақ ол қытайлық сарапшыларды Қазақстандағы саяси және институционалдық реформалармен таныстырып, бір палаталы Құрылтайдың құрылуы мен вице-президент институтының енгізілуіне жеке тоқталды.

ҚҚҒА академигі Ли Сянъян Қытай экономикасы мен халықаралық саудадағы ағымдағы үдерістерге баға беріп, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері туралы айтты. Ол әлемдік сауда мен логистикадағы өзгерістерге және Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларына ерекше назар аударды.

Кездесу барысында тараптар Қытай экономикасының дамуындағы заманауи үрдістерді, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және өндірістік ынтымақтастықтың болашағын талқылады.

Дайджест жаңалықтарына жазылу