Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-дың ғалым хатшысы Орталық Азияның орнықты дамуына арналған халықаралық конференцияда сөз сөйледі

ҚСЗИ-дың ғалым хатшысы Орталық Азияның орнықты дамуына арналған халықаралық конференцияда сөз сөйледі

Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты Президенттік орталықта «Орталық Азия елдерінің орнықты дамуы үшін ғылым, деректер және болжамдау» атты жыл сайынғы халықаралық конференция өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ғылыми хатшысы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Көшербаева қатысты.

Іс-шара ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесімен бірлесіп, Тұрақты даму мүддесіндегі ғылымдардың халықаралық онжылдығы аясында ұйымдастырылып, Дүниежүзілік ғылым күніне орайластырылды. Конференцияға мемлекеттік органдардың, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың 100-ге жуық өкілі, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Қатысушылар Орталық Азияның климаттық және технологиялық сын-қатерлерін шешуде ғылымды, деректерді және стратегиялық болжамдауды қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Жасанды интеллект пен нейротехнологияларды енгізудің әлеуметтік және этикалық аспектілеріне, климаттың өзгеруінің халық денсаулығына, жұмыспен қамтылуына және ұтқырлығына әсеріне, сондай-ақ мемлекеттік басқарудағы форсайттың рөліне ерекше назар аударылды.

Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат Қазақстанның стратегиялық міндеттерін іске асырудағы ғылым мен инновацияның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, климаттың өзгеруі, энергетикалық сын-қатерлер, ресурстар тапшылығы және цифрлық қауіпсіздік мәселелері ғылыми негізделген шешімдер мен жаңа тәсілдерді талап етеді.

ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің директоры Амир Пирич ғылыми ынтымақтастықтың адами өлшеміне, негізгі құқықтарды қорғауға және ортақ болашақты қалыптастыруға жастардың қатысуын кеңейтуге назар аударды. Оның айтуынша, форсайт дамудың әртүрлі сценарийлерін қарастыруға және белгісіздік жағдайында неғұрлым салмақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Ал Орталық Азиядағы сын-қатерлердің трансшекаралық сипаты өңірлік диалогты нығайту қажеттілігін арттыра түседі.

Қырғыз Республикасы Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрінің орынбасары Лира Сулайманова жұмыстың үш негізгі бағытын атап өтті: цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану, кадрлар даярлау және ғылыми әзірлемелерді іс жүзінде пайдалану, сондай-ақ деректер мен стратегиялық болжамдауды мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу.

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев Қазақстанның халықаралық цифрлық хаб ретінде қалыптасу перспективалары туралы баяндады. Ол еліміздің электрондық үкіметті дамытудағы жетістіктері мен отандық цифрлық жобалардың әлеуетін атап өтті.

Айгүл Көшербаева «Деректерден шешімдерге: үздіксіз басқару циклі» тақырыбында баяндама жасады. Ол мемлекеттік басқарудың сапасы институттардың деректер мен ғылыми білімді уақтылы шешімдерге айналдыру, олардың нәтижелерін бағалау және жүргізіліп отырған саясатқа түзетулер енгізу қабілетіне байланысты екенін атап өтті. Стратегиялық талдаудың үлгісі ретінде ҚСЗИ ғылыми хатшысы «Орталық Азияның стратегиялық шолуы – 2026» басылымын таныстырып, өңір елдерінің бірлескен болжамдау күн тәртібін қалыптастыру перспективаларын айқындады.

«Орнықты даму болашақты қаншалықты дәл болжай алатынымызға ғана емес, сонымен қатар бүгін қабылданатын шешімдерде сол болашақты қаншалықты ескеруге дайын екенімізге де байланысты», – деп атап өтті ҚСЗИ-дың ғылыми хатшысы.

Конференцияда сондай-ақ Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары Айжан Сқақова, Юлия Кучинская және Мақсұт Насибулов, «Green Academy» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті Рүстем Бигари, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің ғылыми және зерттеу ұйымдарының өкілдері сөз сөйледі.

Талқылау қорытындысы бойынша климаттың өзгеруіне бейімделу, цифрлық трансформация, стратегиялық болжамдау, сондай-ақ ғылым мен технологиялар этикасы салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұсыныстар әзірленді.

Дайджест жаңалықтарына жазылу