Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-да Швейцария Конфедерациясының Қазақстандағы Елшісімен кездесу өтті

ҚСЗИ-да Швейцария Конфедерациясының Қазақстандағы Елшісімен кездесу өтті

2026 жылғы 6 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Швейцария Конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кристина Хонеггермен кездесу өтті.
Тараптар халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттерінің келіспеушіліктерді реттеу және ортақ проблемаларды диалог арқылы шешу жолындағы жетістіктері жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен (ЕҚЫҰ) өзара іс-қимылының қазіргі жай-күйі қаралды.
Кристина Хонеггер халықаралық ахуалдың өзгеруі жағдайында Қазақстан мен Орталық Азияның маңызы артып келе жатқанына, сондай-ақ Қазақстанның өңірде ЕҚЫҰ бастамаларын ілгерілетудегі рөліне тоқталды.
Өз кезегінде ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов қазіргі геосаяси сын-қатерлер жағдайында сындарлы диалогты сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстанның өңірлік тұрақтылық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі, сондай-ақ көпжақты өзара іс-қимыл форматтарын дамыту және халықаралық диалогты қолдау бағытындағы күш-жігері атап өтілді.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы өзара іс-қимылдың практикалық аспектілерін де талқылап, қолданыстағы ынтымақтастық тетіктерін іске асыруға және өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша бірлескен қызметті кеңейту перспективаларына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сарапшылық диалог пен пікір алмасуды одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.

Дайджест жаңалықтарына жазылу