Skip to content
Басты бет » ҚХР Елшісімен «елшілік сағатындағы» кездесу

ҚХР Елшісімен «елшілік сағатындағы» кездесу

2026 жылғы 26 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлиньмен «Елшілік сағаты» форматындағы кездесу өтті.

Дәріс барысында ҚХР Елшісі екі ел арасындағы қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына жан-жақты тоқталып, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атап өтті. Атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікке, көлік саласындағы өзара байланыстарды дамытуға, технологиялық ынтымақтастыққа, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға ерекше назар аударылды.

Хань Чуньлинь мырза Қазақстандағы саяси өзгерістерге ерекше назар аударды. Атап айтқанда, ол жаңа Конституцияның қабылдануы мен соған байланысты еліміздің институционалдық құрылымындағы жаңалықтардың маңызын атап өтті. Бір палаталы жаңа Парламент Құрылтайдың қалыптасуына және оның Қазақстанның саяси жаңғыруындағы рөліне бөлек тоқталды. Сондай-ақ Елші екі елдің мемлекеттік басқару тәсілдерінің үндестігін, олардың негізінде азаматтардың мүддесі мен әл-ауқаты тұрғанын айта келіп, Қытайдың адамды басты назарда ұстайтын даму тұжырымдамасы мен Қазақстанның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделінің өзара үндесіп жатқанын атап көрсетті.

ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов екі елдің қатынастарының жоғары деңгейін және екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқанын тоқталып өтті. Сонымен қатар ол Қазақстан мен Қытайдағы үдерістерді тереңірек түсінуге және екіжақты ынтымақтастықтың мазмұнды күн тәртібін қалыптастыруға ықпал ететін сараптамалық диалогты одан әрі тереңдетудің қажеттігін айтты.

ҚСЗИ директорының орынбасары Жанар Габдуллина ҚХР-дың Қазақстан үшін стратегиялық серіктес ретіндегі маңызы тек сауда-экономика саласымен шектелмейтінін, көліктік өзара байланыс пен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуда да зор екенін атап көрсетті.

ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Әлия Мұсабекова екі елдің қатынастарының мазмұнды әрі көпқырлы сипатын, сондай-ақ халықаралық белгісіздік артып, әлемдік жүйе түбегейлі өзгеріп жатқан жағдайда екі елдің тұрақты өзара іс-қимылының маңызын атап өтті.

«Елшілік сағаты» ҚСЗИ-дың дипломатиялық миссиялар басшыларымен тікелей кәсіби сұхбат құруға арналған алаңдарының бірі. Бұл формат сарапшыларға халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, екіжақты ынтымақтастық және шет мемлекеттердің сыртқы саяси басымдықтары бойынша пікір алмасуға мүмкіндік береді.

Дайджест жаңалықтарына жазылу