
Айгүл Забирова,
ҚР Президенті жанындағы
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері
2012 жылы математикадан PISA-ның[1] ең жоғары деңгейлеріне қазақстандық оқушылардың 0,9 пайызы жеткен. 2025 жылы бір пайызы. Осы он үш жылда мектептің айналасында бәрі дерлік өзгерді. Жаңа ғимараттар салынды, жабдық сатып алынды, оқу бағдарламалары жаңарды, мұғалімдер даярланды, цифрлық платформалар келді. Ал бір пайыз бір пайыз күйінде қалды.
Қазақстан мектептері туралы тапшылық тілімен сөйлеу әдетке айналған. Мұғалім жетпейді, оқу материалы жетпейді, тәртіп жетпейді, ата-ана назары мен баланың ынтасы жетпейді деп естіп үйренгенбіз. Бірақ PISA-2025 нәтижелері басқаны көрсетеді[2]. Жасөспірімдердің көпшілігі мұғалімнің қолдауын сезінеді. Мектеп тәртібі бізде ЭЫДҰ[3] орташасынан жақсы. Буллинг азырақ. Кадр мен оқу материалының тапшылығы айтарлықтай қысқаруда. Түрлі табысы бар отбасылардың балалары арасында тест нәтижесінде үлкен алшақтық жоқ.
Мұның бәрі өте жақсы жаңалық. Ендеше неге көп нәрсесі жұмыс істеп тұрған мектеп қолдағы мүмкіндікті баланың оқу, ой қорыту, бейтаныс мәселені шешу қабілетіне сонша нашар айналдырады? Қазақстанда PISA-2025 тестіне 643 мектептен 22680 он бес жасар жасөспірім қатысты[4]. PISA мектеп бағдарламасын білуге арналған емтихан емес. Мұнда оқушыға бейтаныс мәтін, есеп немесе жағдаят ұсынылады. Тексерілетіні үйренгенін пайдалана ала ма? Мағынасын түсіне ме, ақпаратты салыстыра ма, шешу жолын таңдай ма, таныс білімді жаңа жағдайда қолдана ма? PISA-ның құндылығы халықаралық рейтингте емес. Оқушының дайын нұсқаулықсыз біліммен жұмыс істей алуында.
Нәтиже мектептің өзінен гөрі баяу өзгереді
Тест нәтижелеріне ретроспективамен қарасақ, сандар едәуір қатал. 2012 жылы жасөспірімдеріміз математикадан орта есеппен 432, оқудан 393, жаратылыстанудан 425 балл алған[5]. 2025 жылы тиісінше 414, 385 және 420. Әсіресе математика көзге түседі. 2012 жылы қазақстандық оқушылардың 45,2 пайызы базалық екінші деңгейден төмен болатын. Бүгін олар көбейіп, шамамен 56 пайызға жетті.
Одан да маңыздысы басқа нәтижелер. Математикадан PISA-ның ең жоғары деңгейлеріне Қазақстан оқушыларының шамамен 1 пайызы жетеді, ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 8 пайыздай. Жаратылыстанудан бізде 0,5 пайыз шамасында, онда 7 пайыздан астам. Оқудан да жоғарғы қабат өте жұқа күйінде қалып отыр. Бұл енді мектеп бағасының ғана мәселесі емес. Қазақстанға экономиканы әртараптандыру, ғылым, технологиялық өндіріс пен жасанды интеллектіні дамыту қажет. Бірақ мықты экономикаға бірер олимпиадашы мен санаулы мамандандырылған мектеп түлектері аз болады. Жаңа экономикаға күрделі біліммен жұмыс істей алатын, қайта оқи алатын, бейтаныс мәселені көріп, дайын алгоритм жоқ жерден шешім іздей алатын кең қабат керек.
Он-он бес жылдан кейін бұл қабат қайдан пайда болады?
PISA-2025 өте жақсы жаңалық та береді. Жаратылыстану бойынша әлеуметтік-экономикалық шкаланың жоғарғы және төменгі ширегіндегі оқушылар арасындағы алшақтық Қазақстанда 41 балл, ал ЭЫДҰ бойынша орта есеппен шамамен 85. Әлеуметтік-экономикалық жағдай біздің оқушылар нәтижесіндегі айырманың 5 пайызын түсіндіреді, ЭЫДҰ-да шамамен 12 пайызын. Қоғам үшін бұл елеулі артықшылық, оны сақтауымыз керек. Иә, мектептеріміз балаларды әлеуметтік тегі бойынша салыстырмалы түрде аз ажыратады, бірақ сонымен бірге оларды ең жоғары құзыреттілік деңгейіне өте сирек шығарады. Міне, бұл шыңсыз теңдік.
Ойлы оқырман шыңсыз теңдік туралы тұжырым асыра айтылған дер. PISA 643 мектеп бойынша орташаланған сурет береді, мықты қабат онда жай ғана еріп кетеді дер. Қазақстанда шың бар, ол жай ғана НЗМ-де, «Білім-инновация» лицейлерінде, физика-математика мектептерінде жиналған, ал іріктемеде бұл мектептердің үлесі орташа көрсеткішті жылжытуға тым аз дер. Ал елдің әлеуетін орташа балмен бағалау жоғары жетістіктер спортын ГТО нормативімен өлшегенмен бірдей дер. Ақыры, мықты оқушыларды жекелеген мектепке жинау мүлде кемшілік емес, жұмыс істейтін модель дер. Орташа табысты ел алдымен бірнеше шың тұрғызып, содан кейін ғана негізін кеңейтеді. Сингапур[6], Қытай[7], Вьетнам[8] ерте кезеңде тап осылай істеді. Бұл қарсылық түгелге жуық қабылданады.
Орташалау шынымен де тегістейді. Шың елде бар, ол нақты, бұл мектеп түлектері әлемнің мықты университеттеріне түседі. Олар қандай міндет үшін құрылса, сол міндет орындалды, әрі жақсы орындалды. Бірақ онда сұрақты дәлірек қойған жөн. Неге он үш жылда шың кеңеймеді? Іріктеуші мектеп дайын мықты баланы таңдап алып, соны жеткізеді. Ал іріктелмеген жерде мықтыны өсіруді ол әзірге білмейді. Бұл нақты бір модельдің кемшілігі емес, оның құрылысы, әрі ол бәрінде бірдей жұмыс істейді. Мәселен, 2024 жылы осы жолмен бәрінен алға озған Сингапур дарынды балаларға арналған бағдарламаны бұрынғы түрінде тоқтататынын мәлімдеді. Бірыңғай тест арқылы іріктеудің орнына барлық бастауыш мектепте мықты оқушыларға арналған бағдарламалар келеді. Ұқсас қозғалыс басқа елдерде де байқалады: шың тұрғызуды үйренді, енді негіз туралы сұрақ тұр.
Есте ұстайық, PISA елдерден бірер «данышпан» іздеп жүрген жоқ. Оның ең жоғарғы 5-6 деңгейлері оқушының күрделі әрі бейтаныс есеппен жұмыс істеу, шешу стратегиясын өзі таңдау, білімді бір жағдайдан екіншісіне көшіру, күрделі мәтінді түсіну және ақпаратты сын көзбен бағалау қабілетін өлшейді. Дәл осындай қабілеттер бірте-бірте зерттеушіге не бағдарламашыға ғана емес, бәріне қажет бола бастады. Технология мен мамандық бұрынғыдан жылдам өзгеретін ХХІ ғасыр экономикасында өз бетінше қайта оқи білу көпшіліктің құзыретіне айналады. Сондықтан «неге бізде мықтылар аз?» деген сұрақ «неге бізде әлсіздер көп?» деген әдеттегі сұрақтан кем түспейді.
Сабақта не болып жатыр?
PISA-2025 бойынша жасөспірімдердің сексен пайыздан астамы мұғалім олардың оқуына мүдделі, сынып түсінгенше түсіндіре береді және қосымша көмектесуге дайын дейді. Үш көрсеткіш те ЭЫДҰ орташасынан жоғары. Шынымен де соңғы жылдары педагог, оқу материалы мен инфрақұрылым тапшылығы азайды. Бұл оқыту сапасында бәрі ойдағыдай дегенді білдірмейді. PISA қолдаудың қалай қабылданғанын өлшейді, педагогикалық жұмыстың тереңдігін емес. Ендеше сұрақты дәлірек қояйық. Мұғалім бар, бала мектепке келеді, материалдық орта жақсаруда, әлеуметтік тегі нәтижені салыстырмалы түрде әлсіз айқындайды. Онда келесі механизмді сабақтың айналасынан ғана емес, ішінен де іздеуге тура келеді. Оқушының ережені жаттап, таныс үлгідегі он есепті шығаруы бір басқа. Басқаша тұжырымдалған он біріншісін көріп, не істеу керегін өзі түсінуі мүлде бөлек. Параграфты айтып беру бір басқа. Бейтаныс мәтінді алып, негізгісін анықтау, қайшылықты көру, бірнеше дереккөзді салыстыру бөлек. Формуланы білу бір басқа, оны қайда әрі неге қолдану керегін түсіну бөлек. Сабақтарымыз дұрыс жауаптың айналасында құрылған. Себебі жауапты тексеруге болады, оған уақыт та аз кетеді, оның үстіне ол есепке түседі. Ал дайын жауабы жоқ есепті шеше алу қабілетін тексеру қиын, есепке ол мүлде түспейді. Мектеп өзінен не сұраса, соны істейді.
Жасанды интеллект бұл сұрақты шұғыл етеді
PISA-2025 сол алшақтықты тағы бір қырынан көруге мүмкіндік береді. Қазақстандық он бес жасарлардың 47 пайызы оқуға көмек ретінде жасанды интеллектіні аптасына кемінде бір рет пайдаланады. 38 пайызы оны өздері оқуға тиіс мәтіннің қысқаша мазмұнын алу үшін қолданады. Ал оқу сауаттылығының базалық деңгейіне он бес жасарлардың 36 пайызы ғана жетеді. PISA жасанды интеллектіні пайдалану оқуды нашарлатады деп тұрған жоқ. Бірақ бұл сандардың қатар тұрғаны маңызды. Бүгін мектепте зияткерлік әрекетті бала оны тұрақты дағдыға айналдырып үлгергенше орындап беретін құрал пайда болды. Бұрын әлсіз оқушы да бетті аяғына дейін оқып шығуға мәжбүр еді. Бүгін оны машина айтып береді. Мұндағы маңыздысы баланың еріншектігі емес. Ол мәтінді оқу мен мәтіннің не туралы екенін білудің арасындағы айырманы көрмейді. Ол үшін бұл нәтижесі бірдей бір ғана әрекет. Ал осы айырманы құру дәл мектептің міндеті еді. Сондықтан білім берудегі жасанды интеллект туралы сұрақ «рұқсат ету немесе тыйым салу» дегеннен әлдеқайда күрделі.
Қандай зияткерлік жұмысты машинаға беруге болады, ал қайсысын бала алдымен өзі орындауды үйренуі керек? Технология неғұрлым қуатты болған сайын, адамның тапсырманы қоя білуі, жауапты тексеруі, қатені байқауы және келесі сұрақты қоя алуы соғұрлым маңызды бола түседі.
Көп жыл бойы біз мектеп білімін салынған мектеп санымен, даярланған педагогпен, сатып алынған жабдық көлемімен, бағдарлама мен цифрлық платформаның енгізілуімен өлшеп келдік. Бұл көрсеткіштердің бәрі маңызды. Бірақ PISA-2025 процестің екінші ұшына қарауды ұсынады.
Салынған ресурс неге айналады?
Оқушының қанша мәтін оқығаны емес, бейтаныс мәтінмен өз бетінше жұмыс істей ала ма. Үлгі бойынша қанша есеп шығарғаны емес, шарты өзгерген есепті шеше ала ма. Сынып бағдарламаны өткен-өтпегені емес, бала үйренгенін дайын нұсқаулықсыз пайдалана ала ма. Біз кірісті санауды үйрендік. Енді айналуды өлшеуді үйренуіміз керек. Осы мағынада білім беру реформасының келесі нысаны тек мектеп, мұғалім немесе оқулық емес. Ол оқушының танымдық жұмысының өзі.
Қазақстан мектебі бірнеше аса маңызды міндетті шешіп те үлгерді. Ол қолжетімділікті едәуір кеңейтті. Халықаралық деректерге сәйкес, ол баланың білім тағдырын отбасының материалдық жағдайымен салыстырмалы түрде әлсіз байланыстырады. Оқушының қолдау көрсететін мұғалімі бар. Жасөспірімдердің көпшілігі мектептен бас тартпайды. Сондықтан әңгіме жұмыс істемейтін институт туралы емес. Керісінше. Мектеп әлеуметтік тұрғыда танымдық тұрғыдан гөрі жақсы жұмыс істейді. Бәлкім, дәл осы жаңғыртудың келесі кезеңі алдыңғысынан өзгеше болуға тиіс дегенді білдіретін шығар. PISA-2025 Қазақстан алдына халықаралық рейтингтегі орнымыздан әлдеқайда маңызды сұрақ қояды.
Қандай мектеп құрып жатырмыз?
Он үш жыл бұрын ең жоғары деңгейге бір пайыз жеткен. Бүгін де сол бір пайыз. Бірақ осы уақыттың бәрінде әңгіме солар туралы болды: мықтылар, олимпиадашылар, арнаулы мектепке іріктеп алынатындар туралы. Қалған тоқсан тоғыз пайыз 2012 жылы бірінші сыныпқа барған еді. Қазір оларға жиырма. Олар жұмыс істеп жүр.
Ал бүгінгі он бес жасарлар отызыншы жылдардың ортасында жиырма бестер шамасында болады. Ол кезде мамандықтар ұрпақ алмасқаннан гөрі жылдам өзгереді, ал қайта оқуға бір пайыз емес, тоқсан тоғыз пайыздың бәрі мәжбүр болады. Бейтаныс мәселені түсіне білу дарындылықтың белгісі болудан қалады. Ол адамның жұмыспен қамтылу шартына айналады.
Қолжетімділік мектебін біз тұрғыздық: балаға орын да, мұғалім де, ресурс та бар. Әлеуметтік интеграция мектебін де көп жағынан тұрғыздық: баланың нәтижесі отбасының табысына аз тәуелді. Үшіншісі қалды бала оқуды, ой қорытуды, күмәндануды және білімді жаңа жағдайға көшіруді үйренетін мектеп. Сол тоқсан тоғыз үшін қандай мектеп құрып жатырмыз?
[1] https://www.oecd.org/en/publications/2026/09/pisa-2025-results-volume-i_5265bfb1.html
[2] OECD (2026), PISA 2025 Results (Volume I): Future-Ready Students, PISA, OECD Publishing, Paris, https://doi.org/10.1787/73451bc5-en.
[3] Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы
[4] Международная программа по оценке образовательных достижений учащихся. Проводится Организацией по экономическому сотрудничеству раз в три года среди пятнадцатилетних школьников.
[5] https://www.oecd.org/en/publications/2026/09/pisa-2025-results-volume-i_5265bfb1.html
[6] https://en.wikipedia.org/wiki/Gifted_Education_Programme_(Singapore)
[7] https://www.britannica.com/place/China/Education
[8] https://en.wikipedia.org/wiki/List_of_high_schools_for_the_gifted_in_Vietnam


