2026 жылғы 16 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінде Қытай халықаралық зерттеулер институтының (CIIS) Жаһандық басқару және халықаралық ұйымдар бөлімінің сарапшыларымен кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытайдың тау-кен өнеркәсібі, энергетикалық ауысу, климаттың өзгеруі және аса маңызды минералдық шикізатпен қамтамасыз ету салаларындағы өзара іс-қимылына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Ғылыми-техникалық дипломатияның болашағына, сондай-ақ БРИКС пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) секілді бірлестіктер аясындағы әріптестікке ерекше назар аударылды.
Қытайлық сарапшылар С5+ форматына және оның Қазақстан үшін маңызына да қызығушылық танытты.
Кездесу соңында қатысушылар Қазақстан мен Қытайдың ғылыми-сараптамалық институттары арасындағы байланысты кеңейту, сараптамалық пікір алмасу, сондай-ақ өзара тиімді екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға кедергі болып отырған мәселелерді шешуге бағытталған бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін қарастырды.
Қытай халықаралық зерттеулер институты (CIIS) – 1956 жылы халықаралық қатынастарды зерделеу және сыртқы саясаттың кең ауқымды мәселелерін зерттеу мақсатында құрылған Қытайдағы алғашқы ғылыми-зерттеу институты. Бүгінде ол Қытай Сыртқы істер министрлігі жанындағы жетекші талдау орталығы саналады.



