Skip to content
Басты бет » Халықтық цифрлық экономика: адами капитал үшін мүмкіндіктер

Халықтық цифрлық экономика: адами капитал үшін мүмкіндіктер

Анна Альшанская,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы

Әлем жасанды интеллект (ЖИ) дәуіріне қадам басты. Бұл кезең адами капиталға қойылатын талаптарды өзгертіп, оның елдердің бәсекеге қабілеттілігі үшін маңызын арттыруда. Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай негізгі кәсіби дағдылардың шамамен 39%-ы өзгереді. Халықаралық еңбек ұйымының бағалауынша, әлемдегі әрбір төртінші қызметкер генеративті ЖИ ықпалына белгілі бір дәрежеде ұшырайтын кәсіпте жұмыс істейді.

Қазақстанда Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру аясында цифрлық экономиканың елеулі технологиялық негізі қалыптасты. Атап айтқанда, екі суперкомпьютер іске қосылды, ал 2026 жылдың соңына дейін үшіншісін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту жұмыстары аяқталды, деректерді өңдеу орталықтары салынуда. Сонымен қатар цифрлық технологиялар қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандықтар 92,1 трлн теңге сомасына 7,1 млрд қолма-қол ақшасыз операция жасаған.

2026 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы халықтың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтумен байланысты цифрлық трансформацияның жаңа кезеңін айқындады. Президент Қазақстан технологиялық дамудың артықшылықтарын пайдалануға азаматтардың неғұрлым кеңінен қатысуын қамтамасыз ете отырып, дәл «халықтық цифрлық экономиканы» құруы тиіс екенін атап өтті. Осы тұрғыда өзара байланысты екі бағытты бөліп көрсетуге болады.

Бір жағынан, цифрлық технологияларды пайдалану арқылы халықтың табыс табу мүмкіндіктерін кеңейту көзделеді. Жолдауда Мемлекет басшысы интернет тек тұтыну мен ойын-сауық кеңістігі ғана емес, жасампаз қызмет пен еңбек ету ортасына, ал смартфондар тиімді жұмыс құралына айналуы тиіс екенін атап өтті. Осы мақсатта 2026 жылдың соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастыру тапсырылды. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын жекеменшік цифрлық платформалардың — маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен басқа да сервистердің мүмкіндіктерімен біріктіру қарастырылған. Сондай-ақ ауылдық өндірушілерге өз өнімдерін цифрлық платформалар арқылы өткізуге мүмкіндік беретін пилоттық жобаларды іске қосу жоспарланып отыр.

Демек, цифрлық технологиялар нарықтарға шығу кедергілерін азайтып, қосымша табыс көздерін қалыптастыруға және жұмыспен қамту мен кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңейтуге қабілетті.

Екінші жағынан, өмір сүру сапасын жақсарту мен адами капиталды дамытудың қажетті негізі ретінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту маңызды. Қазақстан автомобиль жолдарының сапасы, коммуналдық желілердің жай-күйі және өңірлерде әлеуметтік қызметтердің біркелкі қолжетімді болмауы сияқты созылмалы инфрақұрылымдық проблемаларға тап болып отыр. Жолдауда Мемлекет басшысы инфрақұрылымды жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын жариялады. Оны іске асыруға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау көзделген. Ең алдымен, перзентханалар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары және балаларды оңалту орталықтарын қоса алғанда, денсаулық сақтау саласының 70-ке жуық нысанын салу жоспарланған. Сондай-ақ білім беру, спорт және мәдениет салаларындағы 50-ге жуық мекеменің құрылысын бастау, елді мекендердің ауызсу мен газға қолжетімділігін кеңейту көзделіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, сапалы білімнің, медициналық көмектің, оңалтудың және негізгі коммуналдық қызметтердің қолжетімділігі адамның тұрғылықты жеріне қарамастан дамуына мүмкіндік береді.

Осылайша, Қазақстан құрылған инфрақұрылымның экономикалық және әлеуметтік қайтарымын арттыру шешуші мәнге ие болатын даму кезеңіне жетті. Цифрлық технологиялар халықтың қалың тобы үшін экономикалық құндылық көзіне айналуға, ал инфрақұрылымдық мәселелерді шешу адами әлеуетті дамыту мен іске асыруға жағдай жасауы тиіс.