Skip to content
Басты бет » Сыртқы саясат – Қазақстанның экономикалық дамуының құралы

Сыртқы саясат – Қазақстанның экономикалық дамуының құралы

Марат Рамазанов,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің
бас сарапшысы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында инвестиция тарту жүйесін жетілдіру және елдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайту қажеттігі туралы айтқан бастамалары қазіргі халықаралық саясаттың объективті үрдісін – дипломатия, экономикалық бәсекеге қабілеттілік және мемлекеттің стратегиялық орнықтылығы арасындағы өзара байланыстың күшеюін көрсетеді.

Инвестициялар үшін жаһандық бәсекелестік күшейіп, халықаралық көлік бағыттары өзгеріп жатқан жағдайда Қазақстан үшін негізгі серіктестермен орнықты қарым-қатынасты сақтап қана қоймай, ұлттық даму міндеттерін шешу үшін сыртқы саяси мүмкіндіктерді тиімдірек пайдалану маңызды. Осы тұрғыда көпвекторлы дипломатия қосымша геоэкономикалық сипатқа ие бола түсуде.

Инвестиция тартуға жүйелі көзқарас мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын, жобаларды жедел сүйемелдеуді және бизнес үшін болжамды әрі тұрақты жағдайлар жасауды көздейді. Бұл ретте инвестициялық саясаттың нәтижелілігі тартылған капиталдың көлемімен ғана емес, оның өндірісті дамытуға, технологиялар трансферіне, жұмыс орындарын құруға және шикізаттық емес экспортты кеңейтуге қосқан үлесімен де өлшенуге тиіс.

Қазақстанды халықаралық көлік-логистикалық хаб ретінде дамыту да айрықша маңызға ие. Қытаймен, Ресеймен, Еуропалық одақпен және Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық сауда байланыстарын кеңейтуге және елдің Еуразиядағы жеткізу тізбектеріндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Алайда бұл әлеуетті іске асыру үшін көлік инфрақұрылымын ғана емес, отандық логистикалық операторларды, тарату орталықтарын және қосылған құны жоғары өндірістерді де дамыту қажет.

Осылайша, Қазақстанның стратегиялық міндеті – сыртқы саясаттағы басымдықтарды нақты экономикалық нәтижелерге жүйелі түрде айналдыру. Көпвекторлы дипломатияны, инвестициялық саясатты және көлік дәліздерін дамытуды өзара ұштастыра білу елдің экономикалық дербестігін нығайтуға және Еуразия кеңістігіндегі ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін факторлардың бірі болмақ.