Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ сарапшысы Қазақстан-Қытай дөңгелек үстеліне қатысты

ҚСЗИ сарапшысы Қазақстан-Қытай дөңгелек үстеліне қатысты

2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасының Шанхай қаласындағы Бас консулдығында «Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылы: мемлекеттік дамудың қорытындылары және қазақ-қытай ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Шанхай қаласындағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров жүргізді.

Дөңгелек үстел жұмысына қазақстандық тараптан Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының өкілдері, ал қытайлық тараптан Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясының, Шанхай халықаралық зерттеулер институтының, Чжэцзян қаржы-экономика университетінің, Шығыс Қытай педагогикалық университетінің және Шанхай шет тілдер университетінің өкілдері қатысты.

Қатысушылар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне, елдің сыртқы саясатының басым бағыттарына, өңірлік және халықаралық ынтымақтастықтағы рөліне, сондай-ақ Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын одан әрі дамыту перспективаларына назар аударды.

ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы Жадыра Әсетқызы онлайн форматта баяндама жасап, Қазақстанның Еуразиядағы көлік-логистика жүйесін дамытуға қатысты ұстанымдары туралы сөз қозғады.

Өз баяндамасында ол теміржол инфрақұрылымын кеңейтуді, халықаралық логистикалық орталықтар желісін қалыптастыруды және көлік процестерін цифрландыруды көздейтін Қазақстанның кешенді тәсілін қарастырды. Көлік және логистика саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына, атап айтқанда, Орта дәлізді дамытуға және екі елдің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік бағыттарын өзара ұштастыруға ерекше назар аударылды.

Дайджест жаңалықтарына жазылу