Skip to content
Басты бет » Президент Жолдауы және орта держава дамуының стратегиялық бағдарлары

Президент Жолдауы және орта держава дамуының стратегиялық бағдарлары

Ерболат Сейлеханов,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің

бас ғылыми қызметкері

Мемлекет басшысының биылғы жыл сайынғы Жолдауында экономикалық дамуды жеделдетуге және мемлекеттің ішкі саяси жаңғыруына бағытталған өзекті міндеттердің тұтас кешені қамтылған. Олардың ішіндегі ең маңыздылары ретінде өнеркәсіп пен цифрлық индустрияны дамытудың негізі саналатын энергетика секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуді, транзиттік-көліктік және логистикалық салалардың әлеуетін арттыруды, азаматтық инфрақұрылымды ауқымды салу мен жаңартуды, мемлекеттік қызметті реформалауды, әлеуметтік саясаттың атаулылығын күшейту бағытында өзгертуді, жасанды интеллект технологияларын жаппай енгізуді атауға болады. Инвестиция тартуды одан әрі жалғастыру және отандық шағын және орта бизнесті қолдау қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Айта кету керек, бұл шаралардың барлығы қуатты әрі өркендеген Қазақстанды қалыптастыруға қызмет етеді. Мұның орта держава мәртебесіне сай келетін ішкі ғана емес, сыртқы саяси өлшемі де бар. Әлемдік саясаттануда бұл мәртебені айқындайтын өлшемдердің жалпыға бірдей қабылданған жіктемесі болмағанымен, орта державаларды сипаттайтын екі белгіні бөліп көрсетуге болады: экономикалық және технологиялық даму деңгейі, сондай-ақ халықаралық істерге ықпал ету дәрежесі.

Халықаралық сарапшылар елімізді өңірлік ықпал ету әлеуеті елеулі Орталық Азия көшбасшысы деп таниды. Осыған байланысты әлемнің жетекші мемлекеттері Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі басты стратегиялық серіктес ретінде бағалайды.

Бұған қоса, еліміздің экономикалық жетістіктері де айқын. Атап айтқанда, ХВҚ бағалауы бойынша, Қазақстан әлемдегі жетекші 50 экономиканың қатарына кіреді (ЖІӨ көлемі 397 млрд доллар, 47-орын). Сондай-ақ мұнай (әлемде 11-орын), уран (әлемде 1-орын), астық пен ұн (жаһандық жеткізушілердің алғашқы бестігі) экспорттаушы ірі елдердің бірі болып саналады әрі бай және алуан түрлі шикізат ресурстарына ие. Сонымен қатар Қазақстан Еуразия көлік жүйесінің негізгі транзиттік торабы ретінде қызмет атқарады.

Еліміздің жаһандық технологиялық бәсекеге қосылу жолындағы күш-жігері де нәтижесіз емес. Мәселен, Қазақстанның деректерді өңдеу орталықтары жүйесі мен цифрлық экожүйені дамытуға жағдай жасау, сондай-ақ ресурстық экономикадан білім экономикасына көшу аясында зияткер ұлтқа айналу жоспарлары әлемдік қызығушылық туғызып отыр. NVIDIA компаниясының басшысы Дж. Хуангтың биылғы 23 қазанда Президент Тоқаевпен кездесу барысында Қазақстанды физикалық жасанды интеллектінің, яғни ЖИ-ді роботтехникамен және нақты әлем технологияларымен ұштастыратын бағыттың әлемдік хабына айналдыру бастамасын көтеруі кездейсоқ емес.

Қол жеткізілген елеулі табыстарға қарамастан, Мемлекет басшысының жетістіктерге мастанып, бейқам отырмай, әлемдік дамудың соңында қалып қоймау керектігі туралы ескертуі әбден орынды. Сондықтан Президент Жолдауын жаңа тарихи кезең жағдайында Қазақстанның орта держава ретіндегі ұстанымын нығайтуды мақсат ететін стратегиялық іс-қимыл бағдарламасы ретінде қарастыру қажет.

Осы мақсатты іске асыру аясында еліміз экономикалық моделін түбегейлі жаңғыртып, шикізаттық бағдардан жоғары қосылған құны бар тауарларды, соның ішінде креативті сектор өнімдерін өндіруге көшуі тиіс. Бұл инвестициялық әріптестік арқылы экономиканы технологиялық қайта жарақтандыру мен кеңейтуді, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға және экономикалық өзгерістердің маңызды әлеуметтік нәтижесі ретінде жұмыспен қамтуды көбейтуге бағытталған цифрлық шешімдер мен ЖИ енгізуді қамтиды. Жұмыспен қамтудың артуы халықтың тұрақты табысының өсуіне ықпал етеді, ал бұл өз кезегінде елдің төлем қабілетін нығайтып, ішкі нарықтың сыйымдылығын арттырады. Осылайша экономиканың тұрақтылығы мен әртараптандырылуы Қазақстанның әлемдік экономикалық жүйедегі орны мен рөлін күшейтуге алғышарт жасайды.

Жаһандық бәсеке күшейіп, әлемдік дамудың келешегі бұлыңғыр болып отырған жағдайда мемлекеттің тұрақтылығы мен экономикалық мүдделерін іске асыру үшін энергетикалық егемендік маңызды рөл атқарады. Президенттің Жолдауда берген тапсырмаларынан байқалғандай, бұл — энергетикалық тапшылық қаупін жою жөніндегі бұрын белгіленген жоспарларды (атом және жылу электр станцияларын салу, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту) мүлтіксіз орындауды да, баламалы энергия көздерін барынша пайдалануды да талап ететін кешенді міндет. Осы тұрғыда жаңартылатын энергия көздері электр энергиясы өндірісінің жартысынан астамын қамтамасыз етіп отырған, сонымен бірге торий электр станциялары мен термоядролық синтез реакторлары сияқты энергия өндірудің түбегейлі жаңа түрлерін белсенді дамытып жатқан Қытайдың озық тәжірибесіне назар аударған жөн.

Қазақстанның халықаралық ықпалын нығайтуда елді әлемдік нарықтармен байланыстыратын транзиттік-көліктік әлеуетті дамыту жоспарларын іске асырудың маңызы зор. Геосаяси және геоэкономикалық артықшылықтардан бөлек, бұл еліміздің жаһандық өндіріс пен жеткізу тізбектеріне қосылуына мүмкіндік береді, сөйтіп Қазақстанның әлемдік нарықтардағы дербес экономикалық субъект ретіндегі рөлін арттырады. Ал бұл мемлекетіміздің әлемдік иерархиядағы халықаралық мәртебесіне тікелей әсер етеді.

Орта державалардың айрықша белгісі — халықты әлеуметтік қолдауды «әлеуметтік келісім» идеологиясының бір бөлігі ретінде қарастыратын ішкі саясат. Ұлы державалармен бірдей ықпал ету мүмкіндігі болмағандықтан, орта державалар оның орнын халықаралық қоғамдастық оң бағалайтын әлеуметтік бедел арқылы толтырады. Осы тұрғыдан алғанда, Президент Тоқаев жариялаған азаматтық инфрақұрылымды ауқымды салу бастамасы орта державалардың мемлекеттік басқару логикасына толық сәйкес келеді.

Мемлекет басшысы дұрыс атап өткендей, мемлекеттік аппаратты түбегейлі қайта құрусыз қойылған барлық мақсаттарға сәтті қол жеткізу мүмкін емес. Осы жылдың наурыз айында жаңа Конституцияның қабылдануы секілді ең маңызды саяси реформаларға сүйене отырып, Қазақстан Good Governance (Тиісті басқару) қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыруы қажет. Оларға ашықтық, есептілік, заң үстемдігі, мүдделі тараптардың қатысуы, консенсусқа ұмтылу, теңдік пен инклюзивтілік, жеделдік, тиімділік және нәтижелілік жатады. Бұл басқару қағидаттары әдетте барлық дерлік орташа табысты елдерде, әсіресе демократиялық елдерде кездеседі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы көздеген мемлекеттік басқару реформасы оны жетілдіру және демократияландыру міндеттеріне толық сәйкес келеді.

Өз тарапымнан мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мемлекеттік басқаруды жетілдіруге үлкен үлес қосатынын атап өткім келеді. Әсіресе, мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін арттырған жөн, өйткені олар мемлекеттік аппарат қызметін сараптамалық-талдамалық тұрғыдан сүйемелдеуде барған сайын маңызды орын алып келеді.

Жолдауда мемлекеттік басқаруды жаңғырту тек экономикалық дамуды жақсарту және мемлекеттіліктің негіздерін нығайту құралы ғана емес, сонымен қатар азаматтардың әл-ауқатын айтарлықтай арттыру құралына айналуы керек деген идеяға баса назар аударылған. Бұл Президенттің Қазақстанның қазіргі әлемдегі орта державасы ретіндегі мәртебесін қамтамасыз етуге бағытталған саясатына сәйкес келеді.