Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайке Пайчтың қатысуымен «Елшілік сағаты» форматында кездесу өтті.
Дәріс барысында германиялық дипломат Берлин мен Астана арасындағы қатынастардың қазіргі жай-күйі және оларды одан әрі дамыту перспективалары туралы өз көзқарасын білдірді.
ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Қазақстан мен Германия арасындағы қатынастардың жоғары деңгейі мен стратегиялық сипатын атап өтіп, Президент Тоқаевтың 2026 жылғы қыркүйекте Германия Федеративтік Республикасына жасаған сапарының маңыздылығына тоқталды. Аталған сапар екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына тың серпін берді.
Іс-шара аясында ашық сұрақ-жауап сессиясы өтіп, ҚСЗИ сарапшылары елшімен өзара қызығушылық тудыратын кең ауқымды мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, тыңдаушылар Германияның шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту, заманауи технологияларды енгізу саласындағы көпжылдық тәжірибесіне, сондай-ақ табысты неміс тәжірибелерін Қазақстанда қолдану мүмкіндіктеріне ерекше қызығушылық танытты.
Қазақстан мен Германияның білім беру саласындағы ынтымақтастығын дамыту, оның ішінде бірлескен білім беру жобаларын іске асыру және тәжірибе алмасу мәселелері талқылаудың жеке тақырыбына айналды. Сонымен қатар ҚСЗИ сарапшылары елшімен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, қазіргі геосаяси ахуал мен халықаралық қатынастар дамуының негізгі үрдістерін талқылады.
ҚСЗИ «Елшілік сағаты» форматын шет мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары басшыларымен тікелей кәсіби диалогты дамыту мақсатында тұрақты түрде өткізіп келеді. Мұндай кездесулер институт сарапшыларына екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға, сондай-ақ шетелдік серіктестердің ұстанымдарын тікелей білуге мүмкіндік береді.










