Skip to content
Басты бет » Алматыда халықаралық сарапшылар Алматы декларациясының мұрасы мен ТМД-дағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Алматыда халықаралық сарапшылар Алматы декларациясының мұрасы мен ТМД-дағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

2026 жылдың 19 қарашасында Алматы қаласында «Алматы декларациясы: диалог, ынтымақтастық және тату көршіліктің 35 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға қатысушылар Декларацияның тарихи маңызын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) дамуын, сондай-ақ экономика, көлік, энергетика және гуманитарлық саладағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Конференцияны Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі (СІМ) және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Конференция жұмысына ТМД Атқарушы комитетінің, мемлекеттік органдардың, зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындарының өкілдері, ғалымдар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері қатысты.

Іс-шараны аша отырып, ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов конференция Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өткізіліп отырғанын атап өтті. Ол 2026 жылғы қазанда Авазада өткен ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы халықтар достығын, олардың ортақ мәдени және рухани мұрасын Достастықтың басты байлығы деп атағанын және Ұйымның көпжақты ынтымақтастықты дамыту мен өзара сенімді нығайту тетігі ретіндегі рөлін атап өткенін еске салды.

Жандос Шаймардановтың айтуынша, конференция өтетін орынды таңдау да ерекше мәнге ие. Дәл осы Достық үйінде 1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматы декларациясына қол қойылған болатын. Арада 35 жыл өткен соң конференцияға қатысушылар ТМД аясындағы ынтымақтастық тәжірибесін зерделеп, оның одан әрі дамуының бағдарларын айқындау үшін осы тарихи орында бас қосты.

«Алматы декларациясы мемлекетаралық қатынастардың негізгі қағидаттарын: егемендік пен егеменділік теңдігін, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығын құрметтеуді, ішкі істерге араласпауды және дауларды бейбіт жолмен реттеуді бекітті. Бұл қағидаттар бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, халықаралық шиеленістің күшеюі мен терең геосаяси өзгерістер жағдайында оларды сақтау тұрақтылықты, сенімді және тату көршілік қатынастарды қамтамасыз ету үшін айрықша маңызға ие. Сондықтан біздің конференциямыз тек өткенге ғана емес, бүгінгі күн мен болашаққа да бағытталған», – деді ҚСЗИ директоры.

Конференцияның ашылуында ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедевтің ұйымдастырушылар мен қатысушыларға арналған үндеуі оқылды. Хатта Достастықтың қалыптасуындағы Алматы декларациясының тарихи маңызы атап өтілген.

«1991 жылғы желтоқсан халықтарымыздың қазіргі заманғы тарихындағы бетбұрысты кезең болды. Декларацияның қабылдануы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының кең ауқымды қатысушылары бар мемлекетаралық бірлестік ретінде құрылуын нақты іске асқан факт ретінде бекітті», – делінген үндеуде.

Қазіргі кезеңдегі ТМД-ның рөліне тоқталған Сергей Лебедев: «Бүгінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Еуразия кеңістігінде тұрақтылықты, қауіпсіздікті және орнықты дамуды қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын өміршең, беделді әрі тиімді халықаралық ұйым ретінде қалыптасқанын сеніммен айтуға болады», – деп атап өтті.

Қазақстан Республикасы СІМ Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдрашов конференцияға қатысушыларға арналған Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің құттықтау хатын оқып берді.

Үндеуде министр ТМД-ны құрудың бастауында тұрған Қазақстан үшін Алматы декларациясының айрықша тарихи маңызына тоқталған.

«Терең тарихи өзгерістер жағдайында елдеріміздің көшбасшылары қарым-қатынастарды егемендік теңдігі, өзара құрмет, тату көршілік және ынтымақтастық қағидаттары негізінде құру жөнінде түбегейлі маңызды шешім қабылдады», – делінген үндеуде.

ТМД-ның алдағы қызметіне тоқталған Мұхтар Тілеуберді ашық диалог пен келісілген шешімдердің маңызын атап айтқан. «ТМД аясындағы ынтымақтастықты, ең алдымен, азаматтарымыз бен экономикаларымыздың нақты мүдделеріне бағдарланған сапалық тұрғыдан жаңа мазмұнмен толықтыруды маңызды деп санаймыз», – делінген құттықтау хатында.

«Алматы декларациясының тарихи маңызы: Еуразия кеңістігіндегі мемлекетаралық қатынастардың жаңа моделінің қалыптасуы» атты бірінші сессия Декларацияның қабылдану алғышарттарына және КСРО ыдырағаннан кейін біртұтас мемлекеттен егемен елдер арасындағы қатынастарға көшу үдерісіндегі рөліне арналды. Қатысушылар егемендік теңдігі, аумақтық тұтастық және тату көршілік қағидаттарының ТМД-ның қалыптасуы мен ынтымақтастық тетіктерінің орнығуына қалай ықпал еткенін қарастырып, сондай-ақ бұл қағидаттардың қазіргі халықаралық жағдайдағы маңызын талқылады. Пікірталасқа Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің (ҒЖБМ ҒК) Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова модераторлық етті.

Бірінші сессия барысында өз сөйлеген ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенко Алматы декларациясы қабылданғаннан кейінгі Достастықтың институционалдық даму жолына тоқталды. Оның айтуынша, КСРО ыдырағаннан кейінгі алғашқы жылдары ТМД-ның салалық кеңестері көлік, энергетика және байланыс салаларындағы трансшекаралық өзара іс-қимылдың сабақтастығын қамтамасыз етті. Петришенконың мәліметінше, қазіргі уақытта Достастық аясында салалық ынтымақтастықтың 65 органы жұмыс істейді, ал 2022–2025 жылдар аралығында қатысушы мемлекеттердің өзара сауда көлемі 18%-ға артқан. Ол экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттары ретінде көлік дәліздерін дамытуды, цифрландыруды және өндірістік кооперацияны атады.

РҒА Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты (ӘЭХҚИ) директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Сергей Афонцев Декларацияның қазіргі әлемнің саяси-экономикалық келбетін қалыптастырудағы рөлі туралы баяндама жасады. Беларусь стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Виталий Пунченко Еуразия кеңістігіндегі мемлекет құраушы құндылықтардың эволюциясын Беларусь Республикасы тұрғысынан қарастырды. М.В. Ломоносов атындағы ММУ Ресейдің сыртқы саясаты және ТМД елдері кафедрасының меңгерушісі Михаил Кротов Еуразиялық интеграция үдерісінде Декларация қағидаттарын іске асыру тақырыбында баяндама жасады. Сессияда сондай-ақ «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының президенті Эдуард Полетаев сөз сөйледі.

«Өзгермелі әлемдік тәртіп жағдайындағы ТМД: көпжақты ынтымақтастықтың эволюциясы және институттардың бейімделуі» атты екінші сессия Достастықтың халықаралық қатынастардағы өзгерістерге, геосаяси бәсекелестіктің күшеюіне және жаңа күш орталықтарының қалыптасуына қалай жауап беріп жатқанына арналды. Қатысушылар ТМД институттары мен тетіктерін осы өзгерістерге бейімдеу және экономика, қауіпсіздік, көлік, цифрландыру және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың нәтижелілігін арттыру мәселелерін талқылады. Сессияны ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен жүргізді.

РҒА ӘЭХҚИ Посткеңестік зерттеулер орталығының жетекшісі Эдуард Соловьев өз сөзін ТМД-ның өңірден тыс жаңа сын-қатерлерге бейімделу мәселелеріне арнады. Арменияның Тұрақтылық және мемлекеттік басқару институтының негізін қалаушы әрі директоры Геворг Меликян Декларация қабылданған кезден бергі көпжақты ынтымақтастықтың эволюциясын қарастырды. «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарёв ТМД кеңістігіндегі көлік байланыстылығының перспективалары туралы баяндама жасады. Сессияда сондай-ақ Беларусь мемлекеттік университеті Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Елена Достанко баяндама жасады.

«Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі Ильгар Велизаде ТМД-ның алдағы кезеңдегі рөлі оның тетіктері сауда, жұмыспен қамту және тасымал салаларындағы практикалық мәселелерді қаншалықты шешуге көмектесетініне байланысты екенін атап өтті. Мысал ретінде ол Қазақстан ұсынған Достастық серіктестерінің аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін «ТМД плюс» форматын келтірді.

«Жаһандық фрагментация жағдайындағы ТМД-ның экономикалық өзара байланыстылығы және орнықты дамуы» атты үшінші сессия геоэкономикалық бәсекелестік пен жаһандық құн қалыптастыру тізбектерінің қайта құрылуы жағдайында Достастық елдерінің ынтымақтастығына арналды. Қатысушылар көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, инвестициялық байланыстарды кеңейту, елдердің энергетикалық және ресурстық әлеуетін бірлесіп пайдалану, сондай-ақ экономиканы цифрлық трансформациялау мүмкіндіктерін қарастырды. Талқылаудың негізгі өзегі осы бағыттардың орнықты экономикалық өсуге және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қалай ықпал ете алатыны болды. Сессияны «Тұран» университеті жанындағы Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры Акимжан Арупов жүргізді.

Арменияның Қолданбалы саяси зерттеулер институтының (APRI Armenia) ғылыми қызметкері Сергей Мелконян «Солтүстік – Оңтүстік» және «Батыс – Шығыс» бағыттары бойынша көлік байланыстарын дамытудың перспективаларын қарастырды. Оның бағалауынша, қолданыстағы бағыттардағы жүк ағынын тарифтерді үйлестіру, транзиттік рәсімдерді жеңілдету және тасымалданатын жүк түрлерінің номенклатурасын кеңейту есебінен арттыруға болады.

Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының ТМД бөлімінің басшысы Милана Базарова адам капиталын ТМД-ның экономикалық өзара байланыстылығы мен орнықты дамуының ресурсы ретінде қарастыруға арналған баяндама жасады. РҒА ӘЭХҚИ Энергетикалық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Михаил Синицын электр энергетикасын трансформациялаудағы жаңартылатын энергия көздерінің рөлі туралы айтты. Қазақстан Республикасы ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов жаһандық және өңірлік фрагментация жағдайында экономикалық байланыстарды нығайтудың перспективалары туралы баяндама ұсынды. Сессияда сондай-ақ Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары Тимур Абылаев сөз сөйледі.

«Орталық Азия: орнықты даму мен тату көршіліктің факторы ретіндегі өңірлік ынтымақтастық» атты төртінші сессия сауда, көлік, су-энергетика және экология салаларындағы, сондай-ақ білім, ғылым және гуманитарлық алмасулар бағытындағы өңір мемлекеттерінің практикалық өзара іс-қимылына арналды. Қатысушылар Алматы декларациясының қағидаттары қазіргі өңірлік бастамаларда қалай көрініс тауып отырғанын және қандай бірлескен жобалар сенімді нығайтып, Орталық Азияның орнықты дамуына ықпал ете алатынын талқылады. Сессияны ҚСЗИ-дің бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев жүргізді.

Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты, Халықаралық қатынастар және мультикультурализмді талдау орталығы басқармасы төрағасының орынбасары Гюльшен Пашаева Орта дәлізді дамыту мәселесіне тоқтала отырып, Қазақстан мен Әзербайжанның рөлін атап өтті. Ол шекаралық және кедендік рәсімдерді жеңілдетуді, бірыңғай цифрлық жүкқұжаттарды енгізуді және бірыңғай тарифті келісуді ұсынды.

РҒА ӘЭХҚИ Орталық Азия секторының меңгерушісі Станислав Притчин өз сөзін Орталық Азия елдерінің өңірлік интеграциясының перспективалары мен шектеулеріне арнады. Сессияда сондай-ақ Орталық Азия халықаралық институтының директоры Жавлон Вахабов, Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институтының талдау бөлімінің меңгерушісі Бегимай Максат кызы, Тәжікстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының сыртқы саясатты талдау және болжау басқармасының бас маманы Файзулло Баротзода, Түрікменстан СІМ Халықаралық қатынастар институтының аға оқытушысы Шохрат Диванкулиев және Қазақстан Республикасы ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әмребаев сөз сөйледі.

Қорытынды отырыста қатысушылар төрт сессияның нәтижелерін түйіндеп, ТМД аясындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту және өңірлік байланыстарды нығайту жөніндегі ұсыныстарды талқылады.

Дайджест жаңалықтарына жазылу