Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев Ұлан-Баторда (Моңғолия) өткен «Солтүстік-Шығыс Азиядағы қауіпсіздік жөніндегі Ұлан-Батор диалогы» халықаралық конференциясына қатысты. Іс-шара Моңғолияның Сыртқы істер министрлігі мен Моңғолияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастыруымен өтті.
Конференцияға әлемнің 20 елінен алпыстан астам өкіл, ғалымдар, Моңғолиядағы елшілер, сондай-ақ дипломатиялық миссиялардың басшылары мен өкілдері қатысты. Талқылаудың маңызды тақырыптарының бірі Азия континентінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдері, геосаяси турбуленттілік жағдайында жаңа сенім шараларын әзірлеу қажеттілігі болды. Айдар Құрмашев Қазақстанның өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне байланысты көзқарастарымен бөлісті. Сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа теңгерімді көзқарасты қамтамасыз етудегі тиімді рөлі аталып өтті.
Конференция қатысушылары өңірді дамытудың негізгі трендтері және Солтүстік-Шығыс Азиядағы қауіпсіздік бойынша негізгі тәуекелдер бойынша пікір алмасты. Конференцияға жиналғандардың пікірінше, сараптамалық диалогты дамыту тараптардың ұстанымдарын түсінуді кеңейтуге, сондай-ақ мүдделердің нақты түйісу нүктелері бойынша ынтымақтастық мәселелерін егжей-тегжейлі пысықтауға мүмкіндік береді.