Диас Құмарбеков,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Жаһандық экономика және тұрақты
даму бөлімінің аға сарапшысы
28 қазанда Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі байлық иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылауды ұсынды. Бұл ретте заңды жолмен алынған активтерді шектеу туралы сөз болып отырмағанын атап өтті. Мәселені зерделеп, ұсыныстар әзірлеу Үкімет пен Құрылтайға жүктелді. Мемлекет басшысы әділ салық салудың басты шарты ретінде ашықтықты атады. Оған жаппай цифрландыру және салық жинауды арттыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін жасанды интеллектіні пайдалану арқылы қол жеткізуге болады.
Менің ойымша, Жолдаудағы осы екі тұжырымды біртұтас шешім ретінде қарастыру қажет. Мөлшерлеменің көлемі саяси таңдауға байланысты, ал оның әділдігі мемлекеттің кірістер мен мүлік туралы мәліметтерді қаншалықты толық қамти алатынына тәуелді. Ірі байлық әдетте бір ғана шотта сақталмайды. Ол жылжымайтын мүлік пен бизнестегі үлестерден құралады, активтердің бір бөлігі шетелде орналасады, ал олар жөніндегі мәліметтер әртүрлі ведомстволар мен мемлекеттерде жинақталады. Бұл деректер біріктірілмейінше, жоғары мөлшерлеме кірістері онсыз да ашық азаматтарға салмақ түсіруі мүмкін. Деректерді салыстыру жаңа норманы дәл сол арналған адамдарға қолдануға мүмкіндік береді. Сондықтан Жолдауда цифрландыру мөлшерлеме мәселесімен қатар қарастырылған.
Бұл бағыт бүгін ғана айқындалған жоқ. 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Мемлекеттік кірістер комитетін мемлекеттік органдар арасындағы цифрландырудың көшбасшысына айналдыру және жасанды интеллектіні «салық төлеушілердің мүддесі үшін» қолдану міндетін қойды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Қазіргі Жолдау осы бағытты жалғастырып, оны әділдік, яғни әр азаматтың ел дамуына шамасына сай үлес қосуы тұрғысынан қарастырады.
Әділдік салықты толық төлеп жүргендерге де қатысты. Егер бір компания ашық жұмыс істеп, ал бәсекелесі табысын жасырса, екіншісі төленбеген салық есебінен бағасын төмен ұстай алады. Соның салдарынан адал компания клиенттерінен немесе пайдасынан айырылады. Дүниежүзілік банктің 2024 жылғы кәсіпорындар сауалнамасына сәйкес, қазақстандық компаниялардың 39,7%-ы тіркеусіз немесе көлеңкеде жұмыс істейтін бәсекелестермен бетпе-бет келеді. Көптеген елдегі осындай сауалнама деректеріне сүйенген зерттеулер көлеңкелі бәсекелестік ресми жұмыс істейтін компаниялардың еңбек өнімділігін 20–24%-ға төмендететінін көрсетеді.
Соңғы бес жылда қазақстандық бизнес көлеңкелі бәсекелестерді басты проблемасы ретінде әлдеқайда сирек атай бастады. 2019 жылы аталған сауалнамаға қатысқан компаниялардың 16,4%-ы осылай жауап берсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 6,9% болды. Бұл өзгеріс мемлекеттік дерекқорларды бірыңғай салық жүйелеріне біріктіру кезеңімен тұспа-тұс келді.
Деректерді біріктірудің тиімділігі мынада: мемлекет кіріс туралы ақпаратты басқа дереккөзден біліп отырса, оны жасыру қиын. Мұны Дания салық қызметінің белгілі тәжірибесі айқын көрсетеді. Жұмыс беруші немесе банк салық органына хабарлайтын кірістердің небәрі 0,3%-ы жасырылған, ал азаматтың өзі декларациялайтын кірістер бойынша бұл үлес 37%-ға жеткен. Салық тәртібін тексерулер саны емес, мемлекеттің қолындағы мәліметтер жақсартады.
Ірі байлыққа қатысты бұл заңдылық ерекше айқын байқалады, өйткені мұндай активтердің едәуір бөлігі шетелде сақталады. Экономистер офшорлық банктердің клиенттерінің жария болып кеткен тізімдерін Скандинавия елдерінің салық деректерімен салыстырғанда, ең бай отбасылардың 0,01%-ы төлеуге тиіс салықтарының шамамен төрттен бірін төлемейтіні анықталды. Ал әдеттегі іріктемелі тексерулер мұны іс жүзінде байқамайды. Қазақстан бұл мәселені өзге елдермен шоттар туралы мәліметтерді автоматты түрде алмасу арқылы шешіп келеді. Көпжақты ақпарат алмасу келісіміне 2018 жылы қол қойылды, алғашқы деректер 2021 жылы келіп түсті, ал 2024 жылға қарай серіктес елдер мен аумақтар саны 89-ға жетті.
Салық қызметінің негізгі тірегіне Smart Data Finance жүйесі айналды. Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, жүйе 80 дереккөзден алынған ақпаратты біріктіреді және азаматтардан бастап заңды тұлғаларға дейінгі барлық салық төлеушінің цифрлық дерекнамасын қамтиды.
Осы деректер негізінде салықтар автоматты түрде есептеледі, ал камералдық бақылау нәтижесінде 322 млрд теңге салық есептелген.
Азаматтар үшін мұндай жүйе қолмен атқарылатын жұмысты азайтады. Қаржы министрлігі декларацияларды алдын ала толтыру тәжірибесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Хабарламада азамат салық сомасының қандай мәліметтер негізінде қалыптасқанын көре алады. Осы тетік айқын сәйкессіздіктерді де анықтайды. Вице-министр екі-үш жыл ішінде расталған кірісі болмаған адамның жылжымайтын мүлік пен бірнеше автокөлік сатып алуын мысалға келтірді: жүйе мұндай алшақтықты бірден байқайды. Ірі байлыққа қатысты болашақ мөлшерлемені қолдануда мүлік пен кірістерді салыстыру нақты жұмыс құралына айналады.
Кәсіпкерлер үшін басты өзгеріс тексерулерге қатысты. Үкіметтің 6 қазандағы отырысында қаржы министрі Мәди Такиев жасанды интеллект тексеруге дейінгі кезеңде қолданылып жатқанын және оның көмегімен қосымша 672 тәуекел анықталғанын хабарлады. Олардың бір бөлігі eGov Business пен Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинетінде көрсетіледі. Осылайша компания мемлекет тарапынан туындаған сұрақты алдын ала көріп, тексеруге дейін қатесін түзете алады. Қаржы министрлігі 2029 жылға қарай адал салық төлеушілерді тексеру санын екі есе қысқартуды көздейді.
Қаржы министрлігінің сирек, бірақ дәлірек тексеру жүргізу тәсілін зерттеулер де растайды. Италия салық қызметінің деректерін талдаған экономистер нәтижесі ең төмен тексерулердің 10%-ын машиналық оқыту алгоритмі таңдаған тексерулермен алмастырса, анықталған салықтан жалтару көлемі 38%-ға дейін өсетінін көрсетті. Адал компанияға инспектор сирек келеді, ал тексерулер шынымен салықтан жалтаратындарға бағытталады.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мәліметінше, жасанды интеллектіні қолданатын салық қызметтерінің үлесі 2016 жылғы 9%-дан 2023 жылы 69%-ға өсті. Үндістанда 2024 жылғы қарашада салық қызметі халықаралық ақпарат алмасу деректеріне сүйеніп, азаматтарға декларацияланбаған болуы мүмкін шетелдік активтер жөнінде хабарламалар жіберді. Ешқандай тексерусіз, ерікті түрде 24 678 адам декларацияларын нақтылап, шамамен 292 млрд рупий көлеміндегі активтерін жария етті.
Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың қысқаруы ресми статистикадан да көрінеді. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, есепке алынбайтын экономиканың үлесі 2021 жылғы ЖІӨ-нің 19,75%-ынан 2025 жылы 15,69%-ына дейін төмендеді. Үкіметтің кешенді жоспары бұл көрсеткішті 2028 жылға қарай 13,8%-ға дейін азайтуды көздейді. Меніңше, мұндай төмендеудің әрбір пайыздық тармағы адал бизнеске салық төлемейтін бәсекелестер иеленіп келген нарықтың бір бөлігін қайтарады. Осы тұрғыдан алғанда, ірі байлық иелерінің жоғары үлесі мен цифрлық ашықтық бір мақсатқа – халықтың салық жүйесіне деген сенімін нығайтуға қызмет етеді.
Мен нәтижеге қол жеткізудің басты шарты деректерге деген сенім деп есептеймін. Егер азамат жеке кабинетінде алгоритм пайдаланатын мәліметтерді толық көріп, жүйенің қорытындысы салық есептеуге негіз болғанға дейін оған дау айта алса, жоғары мөлшерлеме әділ деп қабылданады. Мөлшерлеменің нақты параметрлерін Үкімет пен Құрылтай әлі айқындауы тиіс, ал оны дәл қолданудың негізі Қазақстанда қазірдің өзінде қалыптасып келеді.


