2024 жылдың 14 қарашасы күні Астанада Қазақстан мен Еуропалық Одаққа (ЕО) әсер ететін трансұлттық қауіптер мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ЕО-ның Қазақстан Республикасындағы Өкілдігі (ҚР) және Нидерланды Корольдігінің Орталық Азиядағы Елшілігі ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен және бас сарапшы Мұхит Асанбаев қатысты.
Іс-шараның мақсаты терроризм, экстремизм, қару-жарақ саудасы, есірткі саудасы, адам саудасы, мигранттарды заңсыз өткізу, контрабанда және трансшекаралық ұйымдасқан қылмыстың басқа да түрлерін қамтитын жалпы қауіпсіздік қатерлері бойынша сараптамалық пікірлер мен білім алмасу болды. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар бірлескен әрекет ету және оны азайту стратегияларын одан әрі әзірлеу үшін осы қауіп-қатерлерді жою бойынша алынған сабақтарды талқылады. Қауіпсіздік пен тұрақтылыққа Ауғанстан тарапынан келетін қатерлерге ерекше назар аударылды.
Мұхит Асанбаев өз сөзінде «Ислам мемлекеті-Хорасан» лаңкестік тобының Орталық Азия өкілдеріне үгіт-насихат ықпалының күшеюін, бұл олардың содырлар қатарына қосылуының артуына әкеліп соқтырғанын атап өтті. Оның пікірінше, жиһадтық ағымдардың ізбасарларының радикалдануы аймақ елдерінің өзінде емес, шетелде болып жатыр. Дәурен Әбен дәстүрлі және жаңа трансұлттық қауіптерге қарсы тұру бойынша Қазақстан мен ЕО арасындағы одан әрі ынтымақтастығының келешегіне тоқталды. Атап айтқанда, ол барлық деңгейдегі тараптардың өзара іс-қимылының басым бағыттары мен салаларын, оның ішінде шекараларды нығайту, терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша, сондай-ақ Ауғанстанмен өзара әрекеттестікті атап өтті.
Дөңгелек үстелге ҚСЗИ сарапшыларынан басқа, Астанадағы дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасының ғылыми-талдау құрылымдарының өкілдері қатысты. Пленарлық отырыста ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ЕО-ның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алеска Симкич және Нидерландының Орталық Азиядағы Елшісі Нико Шермерс сөз сөйледі.