2024 жылдың 25 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында қоғамдық-саяси, экономикалық және халықаралық салалардағы жыл қорытындысы бойынша брифинг өтті.
Іс-шара барысында институт сарапшылары әлеуметтік, ішкі саяси, экономикалық және халықаралық салалардағы 2024 жылдың ең маңызды 3 оқиғалары мен жетістіктерін атай отырып, аяқталып жатқан жылдың негізгі оқиғалары мен трендтеріне талдамалық шолу жасады.
Осылайша, ҚСЗИ сарапшыларының пікірінше, 2024 жылы Қазақстан үшін ең маңызды қоғамдық тренд ҚР Президентіне сенімнің күшеюі болды, бұл азаматтардың көшбасшыны және оның шешімдерін қолдауға дайындығын көрсетеді. ҚСЗИ мәліметтері бойынша Президент Қ.К. Тоқаевқа сенім деңгейі 80,5%. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш әлеуметтік-экономикалық қиындықтар жағдайында да тұрақты жоғары болып отыр.
Сондай-ақ сарапшылар маңызды қоғамдық тренд ретінде ел басшылығының саяси бағытын қолдауды, ол қараша айында жүргізілген әлеуметтанулық сауалнамаға сәйкес 77,7% және қазақстандықтардың азаматтық бірегейлігі мен негізгі құндылықтарын нығайтуды қарастырады. Мәселен, респонденттердің 46% қазақстандықтарды біріктіретін құндылық ретінде Қазақстан Республикасының төлқұжаты мен азаматтығын атады.
«Сауалнама деректері көрсеткендей, халықтың басым көпшілігі Қазақстанды ұлттың азаматтылығы, яғни тұлғаның нақты мемлекетпен берік құқықтық байланысы басым біртұтас ұлт ретінде қарастырады. Осылайша, ұлттық бірегейлік Қазақстанның мәдени әртүрлілігінің біріктіруші факторы бола отырып, мемлекеттегі сенім мен ынтымақтастықтың өсуіне ықпал етеді», — деп атап өтті ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Айгерім Абдірашитова.
Сондай-ақ ҚСЗИ сарапшылары қазақстандықтардың жеке және ел деңгейінде өткен жылдың қорытындылары туралы бағаларымен бөлісті. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі көрсеткендей, қазақстандықтар жеке деңгейде өтіп жатқан жылдың қорытындысына оң баға беруде. Халықтың төрттен бір бөлігі (25,1%) үшін жыл «өте табысты» болды; азаматтарымыздың тең жартысы үшін жыл «жалпы жақсы» болған (52,3%).
«Алдағы 2025 жылдан жеке деңгейдегі күтулер барынша оптимистік (77,4%). Үй шаруасымен айналысатын және материалдық әл-ауқаты жоғары жастар арасында оң үміт байқалады», — дейді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова.
ҚСЗИ сарапшылары ішкі саяси саладағы ең маңызды 3 оқиғаның қатарында әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі Заңды қабылдау аясында бірыңғай заңды онлайн петиция институтын енгізуді, тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауды және әйелдер мен балаларды құқықтық қорғауды күшейтуді, сондай-ақ 6 қазанда АЭС салу бойынша жалпыхалықтық референдум өткізуді атады.
«Референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған орасан зор өзгерістердің тағы бір айғағы, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымының тағы бір айқын көрінісі. Бүкілхалықтық дауыс беру энергетикалық кешеннің даму бағытын, Қазақстанның атом энергетикасының болашағын және оның еліміздің энергетикалық тәуелсіздігіне ықпалын айқындады», — деді ҚР Президенті жанындағы ҚЗСИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Елнар Берікбаев.
Қазақстанның экономикалық саладағы жетістіктері туралы айта келе, ҚСЗИ сарапшылары Мемлекет басшысы 2023 жылы жаңа экономикалық бағыт ұсынғанын атап өтті. Реформалардың мақсаты – 2029 жылға қарай 6-7 пайыздық тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу және ұлттық экономиканың көлемін екі есе ұлғайтып, 450 миллиард долларға дейін арттыру.
Экономикадағы 3 басты жетістіктің ішінде сарапшылар Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың кешенді бағдарламасын қабылдау, Мемлекеттік сатып алудың жаңа ережелерін бекіту арқылы бизнес үшін жаңа «экономикалық лифттерді» құруды, сондай-ақ «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығына қол қоюды атады.
ҚСЗИ сарапшыларының пікірінше, экономикалық саладағы тағы екі маңызды оқиға 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспардың қабылдануы, сондай-ақ енгізілуі 2026 жылға жоспарланған жаңа Бюджет кодексін қабылдау және жаңа Салық кодексін әзірлеу арқылы салықтық-бюджет саясатын қайта бастау болды.
«Қазақстанның инфрақұрылымын дамыту жоспарында 204 жоба бар. Энергетика саласында 46 жоба, көлік саласында 59 жоба, сумен жабдықтау және канализация бойынша 89 жоба, цифрлық инфрақұрылым бойынша 10 жоба қабылданды. Жобаларды жүзеге асыру кезінде халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара әрекеттестікке назар аударылады. Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразиялық даму банкі және т.б. сияқты ұйымдармен ынтымақтастық жүргізілуде», — деп, брифинг барысында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Нұрлан Сақуов ерекше атап өтті.
ҚСЗИ сарапшылары Қазақстанның позициясы мен халықаралық беделіне елеулі әсер еткен сыртқы саясат саласындағы ең маңызды үш оқиғаны атады.
Бұл, бірінші кезекте – бірнеше маңызды халықаралық ұйымдар мен құрылымдарға төрағалығының сәтті аяқталуы, олардың қатарындаАстананың Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулерді (ОАМБКК) бар.
«Төрағалық барысында Қазақстан жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға елеулі үлес қосты, сонымен қатар бірқатар маңызды құжаттарды қабылдауға атсалысты, олардың арасында аймақтың экономикалық, саяси және гуманитарлық интеграциясын нығайтудың ұзақ мерзімді бағыттарын айқындайтын «Орталық Азияны дамыту тұжырымдамасы – 2040» ерекше орын алады», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев.
Қазақстанның халықаралық саладағы тағы екі басты жетістігі ретінде ҚСЗИ сарапшылары халықаралық сарапшылар қауымдастығы алдында Қазақстанның «орта держава» ретінде мақұлдануын атап өтті, бұл біздің еліміздің жаһандық үдерістердегі рөлінің артқанын және әртүрлі көпжақты форматтарда шешім қабылдауға ықпал ету мүмкіндіктерінің кеңейгенін көрсетеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Қазақстан үшін негізгі серіктес елдерге, оның ішінде Катар, Франция, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қытай және Әзірбайжанға шетелдік сапарларын ерекше атап өту қажет.
«Бұл сапарлар стратегиялық серіктестікті нығайтуға ықпал етіп, Қазақстанның көпвекторлы және теңгерімді сыртқы саясатқа бейілділігін танытты және ел экономикасын қайта жандандырудың басым бағыттарының бірі болып табылатын шикізаттық емес және өңдеуші салаларды дамытуға мүмкіндік берді», — деп түйіндеді сөзін Санат Көшкімбаев.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметі ел басшылығы үшін ішкі саясат, әлеуметтік-экономикалық үдерістер, Қазақстан Республикасының сыртқы саяси стратегиясы саласы бойынша болжамдық, талдамалық және ғылыми-ақпараттық материалдарды дайындауға және қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өткен жөн.