Айгүл Забирова,
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері,
әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор
Көктемгі күн мен түн теңесетін ежелгі мереке, табиғаттың жаңаруының, үйлесімділік пен молшылықтың белгісі, жаңа бастамалар мен үміттердің, туған-туыстармен араласудың және жақындарға қолдау көрсетудің уақыты Наурыз жақындап келеді. Осы тебіреністердің барлығы өмірге қанағаттану сезімі, қуаныш және үйлесімділікпен сипатталатын бақытпен тығыз байланысты. Иә, бақыт – бұл өте күшті сезім, сондай-ақ 21-ші ғасырда бақыт маңызды әл-ауқат көрсеткішіне айналды. Егер көптеген ғасырлар бойы бақыт тек эмоция және жеке адамның ісі ретінде қарастырылса, 21-ші ғасырда көптеген үкіметтер бақыттың стратегиялық ресурс екенін түсінді. Адамдар неғұрлым бақытты болса, соғұрлым олардың өнімділігі жоғары, қоғам тұрақты және орнықты, елдің халықаралық беделі жақсы болатыны белгілі болды.
Бақытты зерттеуді Гэллап институты 2005 жылы Gallup World Poll – Гэллаптың бүкіләлемдік сауалнамасын іске қосу арқылы бастады. Бұл – бақыт және өмірмен қанағаттану деңгейін жыл сайын өлшеп отыратын жаһандық зерттеу. 2012 жылдан бастап БҰҰ жыл сайын бақыт туралы есепті (World Happiness Report) дайындайды, оның 2025 жылғы нәтижелері 20-шы наурызда жарияланатын болады.
Бүгінде әлемдегі ең бақытты ұлттар – жалпы әл-ауқат саясатын (welfare state) басты мақсаты етіп қойған, шағын еуропалық мемлекеттер. Сондықтан барлық Скандинавия елдері әлемдегі ең бақытты он елдің қатарына кіреді, ал Финляндия бірнеше жыл қатарынан әлемдегі ең бақытты ел болып келеді (7,7 балл). Қазақстан бақыт туралы бүкіләлемдік баяндамада ең бақытты 50 елдің қатарына кіреді және ТМД елдерінің ішінде ең бақытты мемлекеттердің бірі болып табылады. 2024 жылы Қазақстанның көрсеткіші 6,19 баллды құрады, бұл 2023 жылғы 6,01 баллдан жоғары.
Жаһандық бақыт туралы баяндама әртүрлі елдердегі өмірмен қанағаттану деңгейін бағалауға негізделген, онда бірінші өлшеу көрсеткіші — жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ). Соңғы үш жылда (2021–2023) Қазақстанда ЖІӨ артып келеді, бұл үкіметке 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін көтеруге мүмкіндік берді. Осының арқасында әртүрлі салаларда жұмыс істейтін 1,8 миллион қызметкердің табысы артты. Екінші көрсеткіш – әлеуметтік қолдау.
Үшінші – халықтың қаншалықты сапалы өмір сүретінін көрсететін, денсаулықты қоса алғандағы өмір сүру ұзақтығы. Күтілетін өмір сүру ұзақтығын арттыру Қазақстанның жарияланған ұлттық даму мақсаттарының бірі ретінде 2023 жылы 75,09 жылды құрап, соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткішке айналды. Басқаша айтқанда, Қазақстанда мемлекет өз азаматтарының экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын қорғауда және дамытуда басты рөл атқарады.
Бүкіләлемдік бақыт туралы баяндаманың негізгі деректер базасы болып табылатын Гэллаптың бүкіләлемдік сауалнамасы қалай жұмыс істейді? Сауалнамада бірнеше сұрақ қойылады, оның бірі: «Өзіңізге төменгі жағы нөлден басталып, жоғарғы жағы 10-ға дейін белгіленген баспалдақ елестетіңіз. Баспалдақтың жоғарғы бөлігі сіз үшін ең жақсы өмірді, ал төменгі жағы болуы мүмкін ең нашар өмірді білдіреді. Қазіргі сәтте Сіз өзіңізді қай баспалдақта сезінесіз?»
Гэллап деректерді түсіндіру кезінде үш категорияға негізделген «Кантрилл баспалдағын» пайдаланады:
- әл-ауқат – (мықты, тұрақты және прогрессивті, мемлекеттің ЖІӨ-мен сәйкес келеді, 7-ден 10 баллға дейін),
- күрес (орташа немесе тұрақсыз әл-ауқат, 6,999-дан 4,000 баллға дейін),
- қайғы-қасірет (әл-ауқат үлкен қауіпте, 4 балл және одан төмен), баяндамада бақытсыз елдер қатарына Афганистан және Ливан кіреді.
Қазақстан 2024 жылғы есеп нәтижелері бойынша 6,188 баллмен 49-шы орынға ие болды, бұл орташа немесе тұрақсыз әл-ауқат деңгейін білдіреді.
ҚСЗИ-дың 2024 жылғы сауалнамаларының бірінде біз «Жалпы айтқанда, сіз өзіңізді өте бақытты, көбіне бақытты, көбіне бақытсыз немесе өте бақытсыз сезінесіз бе?» деген сұрақ қойдық.

Деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың жартысы өзін өте бақытты сезінеді. Кейбір оқырмандар нәтижелерге күмән келтіруі мүмкін, дегенмен бақыт туралы сұраққа жауаптар көбінесе адамдардың бақытты қалай қабылдайтынына байланысты. Біріншіден, бақыт субъективті, ол әркімнің қабылдауында әр түрлі, біреу үшін бұл байлық пен сәттілік, ал біреу үшін тыныш өмір. Екіншіден, адамның қабылдауы таңдаулы болып табылады, тіпті мәселелер болса да, біз жақсыны байқағанды жөн көреміз. Үшіншіден, мұнда бір сәттік қабылдаудың әсері жұмыс істейді – адамдар ағымдағы жағдайы мен көңіл-күйіне қарай жауап береді. Сондай-ақ, қазақ даласындағы тарихи өмір сынақтар мен қиындықтарға толы болған, мұнда өмір адамның ішкі күш-қуатын дамытуға мүмкіндік беретін, қиындықтардың орнын жаңа мүмкіндіктер алмастыратын цикл ретінде қабылданған. Қазақтың «Жоқты бар десең – құт болар, барды жоқ десең – жұт болар» немесе «Барыңа шүкір ет, жоғыңа сабыр ет» деген мақал-мәтелдері кез келген қиын жағдайдың да жақсы жағын көріп, оптимистік көзқараста бола білуді аңғартады.
2024 жылғы Бүкіләлемдік бақыт туралы баяндама тұрғысынан бірнеше идеялар мен бақылаулар:
● Бақыт туралы баяндамадағы басты бақылаулардың бірі – 2016 жылдан бастап ұлттық бақыт рейтингтерінде Шығыс және Орталық Еуропа, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Шығыс Азия елдеріне қарай жаһандық өзгеріс орын алуда. Сонымен қатар, 2024 жылы алғашқы жиырмалық тізімді бұрынғы социалистік мемлекеттер толықтыра бастады, мысалы, Чехия мен Литва Америка Құрама Штаттары мен Германияны бірінші жиырмалықтан ығыстырып шығарды.
● Екінші бақылау – бұл жаһандық аренадағы ұрпақаралық айырмашылықтар. АҚШ пен Канадада адам жасы ұлғайған сайын бақытты болса, Еуропада жас ұрпақ егде жастағыларға қарағанда әлдеқайда бақытты.
● Қазақстанда жағдай қалай? ҚСЗИ іріктемесі бойынша ұрпақаралық айырмашылықтар айтарлықтай байқалмайды, дегенмен «46-60 жас» және «61+» жас топтарында «өте бақытты» адамдардың саны жастар мен орта жастағыларға қарағанда сәл көбірек. Біздің жағдайда, егде буын көбірек қанағаттану мен тыныштықты сезінеді (бұл бақыт сезімі ретінде қабылдануы мүмкін), өйткені олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақтырақ (мысалы, өз баспанасының болуы) және олар өмірлеріндегі басымдықтарын түсінген. Жалпы, жасы ұлғайған сайын адамдар жағымды эмоцияларға көбірек мән береді. Ал жастар, керісінше, үлкен үміттерімен, әлеуметтік мойындалу қажеттіліктерімен сипатталады. Қазақстан жастары әлеуметтік желілер салдарынан салыстырмалы қысымға ұшырайтыны анық және бұл оларда қанағаттанбау сезімін тудыра отырып, олардың өзін-өзі бағалауын төмендетеді.
● Бүкіләлемдік баяндамада көрсетілгендей, көптеген аймақтарда бақытты ер адамдар әйелдерге қарағанда көбірек, ал ҚСЗИ іріктемесінде біз гендерлік теңдікті байқаймыз.
● Отбасылық жағдайға келер болсақ, ҚСЗИ іріктемесінде өте бақытты адамдар отбасылы респонденттер арасында сәл көбірек, ал қала тұрғындары мен ауыл тұрғындары арасында айырмашылықтар жоқ. Ал, респонденттердің табыс көрсеткіштері мен бақыт сезімі арасында әлсіз байланыс байқалады.
● Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарында өзін өте бақытсыз деп белгілеген респонденттер кездеспеді.
Әрине, әр мәдениетте бақыт туралы түсініктер әртүрлі, бірақ олардың барлығын «қалай өмір сүру керек?» және «адам болу нені білдіреді?» деген іргелі сұрақтар байланыстырады. Сондықтан, әрқайсымыз қоғамның дамуына өз үлесімізді қосайық, сонда әр адамның бақытына басымдық берілетін қоғам қалыптасып, қазақ елі бүкіл әлемге шынайы әл-ауқаттың үлгісі болмақ.
Көктем мерекесі құтты болсын!