2025 жылғы 30 мамырда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде «Қазақстан Республикасының қазіргі әкімшілік құқығын модернизациялау жолдары: қазақстандық және шетелдік тәжірибе» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның негізгі баяндамашыларының бірі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті заңгері Марат Жұмағұлов болды.
КИСИ сарапшысы «Әкімшілік құқықбұзушылық және жауапкершілік: ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексін (ӘҚБтК) жаңғыртудың тұжырымдамалық тәсілдері» атты баяндамасында қазіргі қолданыстағы ӘҚБтК-де әкімшілік шараларды қолдану кезінде туындайтын проблемаларды атап өтіп, оны жаңартуға кешенді тәсіл ұсынды.
Ұсынылған бастамалар қатарында:
- Әкімшілік құқықбұзушылықтың жаңа анықтамасы: «Әкімшілік құқықбұзушылық – бұл жеке немесе заңды тұлғаның кінәлі, заңға қайшы әрекеті, ол қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған заңмен белгіленген талаптарды бұза отырып жасалған және қылмыстық құқық бұзушылықтарға тән елеулі қоғамдық қауіптілікке ие емес».
- Құқықбұзушылықтарды ауырлық дәрежесіне қарай жіктеу:
- жеңіл құқықбұзушылық (ескерту немесе ең төменгі айыппұл);
- елеулі (100 АЕК-ке дейін айыппұл);
- өрескел (ірі айыппұл, қызметті тоқтату, мүлікті тәркілеу және т.б.). Сондай-ақ, қоғамдық қауіптілік дәрежесіне қарай санкцияларды саралау, әрекеттің пропорционалдығына және құқықбұзушының экономикалық жағдайына қарай айыппұл мөлшерін шектеу.
- Нақтыланбаған құқықбұзушылық құрамдарын алып тастау.
Заңнама талаптарын бұзуды нақтыламайтын құқықбұзушылық құрамдары, оған мысалы, ӘҚБтК 94-бабы, 97-бабы, 156-баптың 1-бөлігі, 170-бап, 190-1-баптың 1-бөлігі, 198-баптың 1-бөлігі, 199-баптың 1-бөлігі, 200-бап, 207-баптың 1 және 6-бөліктері, 208-бап, 211-бап, 211-1-бап, 341-1-бап, 384-бап, 425-баптың 1-бөлігі, 559-баптың 6-бөлігі жатады, ол заңдылық және құқықтық айқындық қағидаттарына қайшы келеді (ҚР ӘҚБтК 8-бабы).
- Субъект санатына қарай айыппұлдарды айқындау тәсілін өзгерту.
Қазіргі уақытта әкімшілік айыппұлдар құқықбұзушының экономикалық әлеуетін ескере бермейді. Соның салдарынан ірі бизнес санкцияларды сезінбейді, ал шағын кәсіпкерлер шамадан тыс жауапкершіліктен зардап шегуде. Германия мен Финляндиядағыдай пропорционалды шкала енгізу ұсынылады:
- шағын және орта бизнес субъектілері үшін – белгіленген немесе төмендетілген мөлшерлемелер;
- ірі бизнес субъектілері үшін – АЕК-ке көбейткіш коэффициент енгізу;
- әкімшілік құқықбұзушылықтарды қайталап жасаған құқықбұзушылар үшін – құқықтық айқындық қағидатын сақтай отырып, бірақ қылмыстық сипатқа айналдырмай (рецидив ұғымына балама ретінде) арттырылған айыппұл енгізу.
Профессор Жұмағұловтың пікірінше, ҚР ӘҚБтК-ні модернизациялау төрт негізгі қағидатқа сүйенуі керек:
- қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті жүйелі түрде ажырату;
- құқықбұзушылықтың қауіптілік дәрежесін ескере отырып теңгерімді реттеу;
- болжамдылықты, әділеттілікті және құқықтық айқындықты арттыру;
- әкімшілік рәсімдерді алдын алу және басқару тетігі ретінде енгізу.
Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан, Өзбекстан және Ресейдің көрнекті заңгер-ғалымдары, академиялық және сарапшылық қауымдастық өкілдері қатысты.
Әділет министрлігінде өткен бұл талқылау Қазақстанның құқықтық жүйесін халықаралық стандарттар мен үздік тәжірибелерге сәйкес жаңартуға ұмтылысын көрсетті.