Skip to content
Басты бет » Қазақстан мен Қытайдың өзара туристік байланыстары: нақты нәтижелер мен жаңа мүмкіндіктер

Қазақстан мен Қытайдың өзара туристік байланыстары: нақты нәтижелер мен жаңа мүмкіндіктер

Бауыржан Әукен,

Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы

2024 жылы Қазақстан мен Қытайдың туризм саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстан туризмінің Қытайдағы жылы тек символдық бастама ғана емес, екі ел арасындағы гуманитарлық және экономикалық байланысты нығайтудың нақты құралына айналды. Бұл кезеңде мәдени дипломатия, оқиғалық маркетинг және өңірлік ынтымақтастықты кеңінен қамтыған ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Жыл бойы Бейжің, Шанхай, Сиань, Үрімші және Гонконг қалаларында Қазақстан өңірлерінің туризм күндері, түрлі туризм бағыттары бойынша тақырыптық апталықтар мен ауқымды мәдени шаралар ұйымдастырылды. Қазақстан халықаралық туризм алаңдары – COTTM, ITB China, ITE Hong Kong көрмелерінде лайықты деңгейде таныстырылды. Бұл өз кезегінде шетелдік серіктестермен жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және елдің туристік брендін ілгерілетуге мүмкіндік берді.

Мәдени бағдарлама да мазмұнды болды. Шаньдун және Хэбэй провинцияларында қазақ өнерпаздарының қатысуымен үлкен концерттер өтті, ал «Алтын адам» және «Ұлы дала» көрмелерінде ҚР Ұлттық музейінің бірегей жәдігерлері қытайлық көрерменге ұсынылды.

Ірі оқиғалық жобалар да назардан тыс қалған жоқ. Жібек жолы бағытындағы автокеруендер, Peking–Paris Motor Challenge раллиі және мото-турларға 500-ге жуық адам қатысып, аймақтың тарихи-мәдени байланыстарының өзектілігін айқындай түсті.

Ақпараттық науқан ауқымды нәтижелерге қол жеткізді. Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстан туризмінің Қытайдағы жылы 1,8 миллиард қаралым жинаса, әлеуметтік желілерде ел туралы жарияланымдарды 160 миллион адам көрген. Бұл – елдің халықаралық ақпараттық кеңістіктегі беделін арттыруда айтарлықтай жетістік.

Нақты нәтижелер де байқалды: Қытайдан Қазақстанға келетін туристер саны 50%-ға өсті, ал еліміз Қытай азаматтары үшін танымал туристік бағыттар рейтингісінде 40-орыннан 29-орынға көтерілді. Бұған 2023 жылғы 10 қарашадан бастап күшіне енген визасыз режим айтарлықтай үлес қосты. Қазақстан – Орталық Азия елдері ішінде Қытаймен мұндай келісімге қол жеткізген алғашқы мемлекет.

2025 жыл – Қытай туризмінің Қазақстандағы жылы болып жарияланды. Бұл бастама екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жол ашады. Қазақстан азаматтарының Қытай мәдениеті мен туризм бағыттарына қызығушылығы артады деп күтілуде. Сонымен қатар, туристік инфрақұрылымды жетілдіру мен мәдени ықпалдастықты тереңдету мәселелері өзекті бола түседі.

Осылайша, Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік ынтымақтастық гуманитарлық әрі экономикалық мақсаттарды ұштастыра отырып, екі ел арасындағы орнықты серіктестіктің маңызды құрамдас бөлігіне айналуда.