Skip to content
Басты бет » Алматы қаласында «Президент Тоқаевтың дипломатиясы» атты монографияның таныстырылымы өтті

Алматы қаласында «Президент Тоқаевтың дипломатиясы» атты монографияның таныстырылымы өтті

22 тамыз күні Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сарапшыларының ұжымдық еңбегі – «Президент Тоқаевтың дипломатиясы» атты монографиясының таныстырылымы өтті. Іс-шараға жетекші сарапшылар, қоғам қайраткерлері, ғылыми және дипломатиялық қауымдастық өкілдері қатысты.

Монографияда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясатына терең әрі жан-жақты көзқарас ұсынылған. Автoрлар Мемлекет басшысының дипломатиясының негізін құрайтын үш негізгі қағидатты қарастырып, елдің сыртқы саясатының қарқынды өзгеріп жатқан әлемдік ахуалға қаншалықты икемді түрде жауап беріп отырғанын көрсетеді. Сондай-ақ кітапта Ауғанстан мен Украинадағы дағдарыстардан бастап, халықаралық қатынастардың жаңа шындығын қалыптастырып отырған жаһандық климаттық сын-қатерлерге дейінгі өзекті мәселелер қамтылған.

Іс-шараның модераторы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің ғылыми хатшысы Айгүл Көшербаева болды. Ол монография терең аналитикалық жұмыстың нәтижесі екендігін және қазіргі қазақстандық дипломатияны түсіндіруге елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Өзінің алғысөзінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев: «Бұл монография – Қазақстан сыртқы саясатының жаңа кезеңін терең талдауға арналған бірегей еңбек. Онда еліміздің стратегиялық дербестігін сақтап қалудағы тәжірибесі жан-жақты қарастырылған. Еңбекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық қағидаттарына негізделген «рационалды көпвекторлылық» тұжырымдамасы ұсынылған» – атап өтті.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің басшысы Жәнібек Абдрашов ҚСЗИ ұжымын еңбектің жарыққа шығуымен құттықтап, оның кәсіби қауымдастық үшін маңыздылығына тоқталды:

«Бұл еңбек Мемлекет басшысының стратегиялық көзқарасын тереңірек түсінуге, Қазақстанның әлемдегі салмағын айқындауға көмектеседі. Президенттің басшылығымен жүзеге асып жатқан қазақстандық дипломатияның күшеюі еліміздің сенімді серіктес ретіндегі беделін қалыптастырып, оның халықаралық аренадағы орнын нығайтуға ықпал етеді».

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің бас ғылыми қызметкері, монография авторларының бірі Санат Көшкімбаев Президент Тоқаевтың дипломатиялық бағыты қалыптасқан контекстке назар аударды:
«2019 жылы қызметіне кіріскен сәттен бастап Қ.Тоқаевтың президенттік кезеңі бірінен соң бірі келген халықаралық және ішкі өткір сын-қатерлермен — өзіндік бір «мінсіз дауылмен» тұспа-тұс келді, онымен Мемлекет басшысына нақты уақыт режимінде күресуге тура келді. Дәл осы аса күрделі жағдайда дипломатиялық стратегия қалыптасты, ол кітапта жан-жақты талданған».

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің бас ғылыми қызметкері, монографияның бірлескен авторы Ербулат Сейлеханов жұмыстың ұжымдық сипаты мен оның ғылыми негізіне тоқталды:
«Бұл кітапта әлемде болып жатқан оқиғалар мен оларға Қазақстанның қатынасы ғана емес, сондай-ақ не себепті еліміз белгілі бір ұстанымда тұрғаны да көрсетілген. Осы тұрғыда біз объективті көрініс жасауға, тепе-теңдікті сақтауға, республиканың негізгі геосаяси ойыншыларға және қазіргі заманның басты геосаяси сын-қатерлеріне қатысты мүдделеріндегі тепе-теңдікті ашып көрсетуге ұмтылдық».

Еуразия технологиялық университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры, монографияның рецензенті Асқар Нұрша кітаптың дайындалу барысын қадағалау мүмкіндігі болғанын атап өтті: авторлар еңбекті қалай ұсынғанын, қандай әдіснамалық мәселелер мен міндеттер қойғанын көрді.
«Кітаптың басты артықшылығы – Қазақстанның сыртқы саясаты ешқашан ретсіз қабылданған шешімдердің жиынтығы болмағанын көрсету. Ол әрқашан 30 жыл бұрын қаланған және бүгінге дейін өзекті болып келе жатқан айқын қағидалар жүйесіне негізделді.
Бұл тек практикалық дипломатия ғана емес, сонымен бірге дүниетаным», – деді спикер.

БҰҰ-ның Алматы қаласындағы жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Самек Властимил Қазақстанның БҰҰ жүйесіндегі рөліне, әсіресе Мемлекет басшысының дипломатиялық тәжірибесін ескере отырып, назар аударды.
«Қазақстанның халықаралық аренада өз дипломатиялық табысына қол жеткізгеніне өте қуаныштымын, бұл – табыстың айқын көрінісі», – деп атап өтті ол.

«Қазақстан – Франция» Сауда-Өнеркәсіп палатасының бас директоры Мунира Артықбекова Қазақстанның халықаралық ұйымдарға қатысуына арналған кітаптағы тараудың маңыздылығын ерекше белгіледі:
«Қасым-Жомарт Тоқаев барлық халықаралық ұйымдарда елді өте жарқын таныстырып, Қазақстанның ұстанымын барлық мәселелер бойынша нақты жеткізе білді. Мен сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің бүгінгі күні халықаралық ұйымдар мойындайтын орташа державалар қатарына енуінде үлкен рөл атқарды деп есептеймін».

Қоғам қайраткері, саясаттанушы, «Халықаралық социология және саясат институты» ҚҚ директорының орынбасары Марат Шибутов еңбектің практикалық құндылығын атап өтті.

«Қажет кітап, маңызды әрі құнды. Оны міндетті түрде кітапханаларға, университеттерге және тағы басқа жерлерге тарату керек деп ойлаймын. Бірақ, сонымен бірге, екінші басылымда сандық көрсеткіштерді қоссаңыздар екен деймін. Өйткені егер біз Президент Тоқаевтың дипломатиясы туралы айтып отырсақ, онда сапарлар саны, мақсаттары, жасалған келісімдер, шарттар, жеке қабылдаулар, отырыстарға қатысу саны және тағы басқа деректерді енгізу қажет», – деп сенім білдірді спикер.

«Жібек жолы» Ғылыми-білім беру орталығының директоры Әділ Каукенов өз сөзінде мұндай еңбектерді насихаттаудың маңыздылығын да атап өтті:
«Жетістіктер мен мүмкіндіктерді жинақтап көрсететін осындай кітаптар ойға азық береді, олар тек бізге ғана емес, әр студентке, әр маманға қажет – себебі дипломатия мен кәсібилік қоғам мен мемлекеттің дамуына шешуші рөл атқаратынын көрсету маңызды», – деген пікірін білдірді ол.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры Құралай Байзакова кітаптың көптеген өзекті мәселелерді зерттеуге негіз әрі түрткі болатынын атап өтті:
«Кітапта Қазақстанның сыртқы саясатының өзекті сұрақтары, соның ішінде жаһандық және өңірлік мәселелер қарастырылған. Сонымен қатар, онда жас зерттеушілер мен сарапшыларға қажет кең ауқымды фактілік материал ұсынылған», – деді ол.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Америка және демократиялық зерттеулер орталығының директоры Фатима Күкеева кітаптың дипломаттар ғана емес, сонымен қатар бизнес өкілдері, экономистер, студенттер, магистранттар, жас ғалымдар арасында да үлкен қызығушылық тудыратынына сенімді:
«Авторлар көтерген тақырыптардың ішінде демократия мен қазақстан-америкалық қатынастар бар. Бұл тақырыптарды теориялық тұрғыда да, Президент Тоқаевтың дипломатиясын практикалық тұрғыда түсіну жағынан да өте қызықты оқуға болады», – деді ол.

ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасованың пікірінше, авторлар Президент Тоқаевтың дипломатиясы ұлттық мүдделерді қорғауға қалай бағытталғанын айқын көрсете білген. Сондай-ақ ол еңбектің тілі мен жанрына ерекше тоқталды: «Жұмыс өте жақсы, жеңіл оқылады, қарапайым тілде жазылған. Бұл – дипломат та, халықаралық қатынастар маманы да емес кез келген оқырманға тақырыпты түсінікті етіп жеткізетін еңбек. Сондықтан ол осы күрделі тақырыпқа қызығатын кең аудитория үшін құнды ресурс бола алады», – деді ол.

Өз сөзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректоры Еркін Дүйсенов монография Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарын ашып көрсетіп, Мемлекет басшысының елді нығайтудағы рөлін айқындайтынына сенім білдірді: «Кітап көпвекторлы саясат қағидаттарын және Мемлекет басшысының елдің дамуына қосқан үлесін көрсетеді», – деді ол.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің деканы Жұлдыз Сайрамбаева еңбектің халықаралық құқықты практикалық тұрғыда қолданудың айқын мысалы екенін атап өтті: «Кітаптың басты өзегінде Қазақстанның сыртқы саясаты халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарына сәйкес жүргізілетіні туралы ой бар: халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидаты, егеменді теңдік қағидаты, аумақтық тұтастық пен халықтардың өзін-өзі анықтау құқығы. Бүгінде әлемде өткір қойылып отырған мәселелердің дәл өзі осы», – деп баса айтты ол.

Презентацияға қатысушылар монографияның сараптамалық, академиялық және дипломатиялық қауымдастық үшін өзектілігі мен практикалық құндылығын атап өтті. Еңбек Қазақстанның сыртқы саясатын тек теориялық тұрғыда пайымдаумен шектелмей, сонымен қатар қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу, бітімгерлік және халықаралық диалогты дамытудағы елдің ұстанымдарын көрсететін практикалық бағдар ретінде де қызмет етеді.

Қазақстанның халықаралық ұйымдар арқылы жаһандық тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесіне, сондай-ақ көпорталықты әлем мен жаһандық басқару дағдарысы жағдайында бейбіт қатар өмір сүру идеяларын ілгерілетуге баса назар аударылған.

Монография халықаралық қатынастар саласындағы мамандарға, саясаттанушыларға, студенттерге, дипломаттарға және Қазақстанның қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі стратегиялық орнына қызығушылық танытатын барлық оқырмандарға арналған.

blank
blank