Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты а.ж. 11 шілдеден 12 тамызға дейін жалпыұлттық сауалнама жүргізді. Іріктемелік жиынтық көлемі – 8 000 респондент. Сауалнамаға 18 жастан асқан азаматтар, сондай-ақ 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалар – Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары қатысты.
Әлеуметанулық зерттеу нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 76,3%-ы ел Конституциясының мазмұны мен негізгі қағидаттарымен таныс. Жас ерекшелігі тұрғысынан қарағанда, жастар Конституция мазмұны жөнінде көбірек хабардар екендігі байқалады. Мәселен, 18-29 жас аралығындағы респонденттердің 79,1%-ы Конституцияны жақсы біледі/оқыған немесе жалпы түсінікке ие. Бұдан кейінгі көрсеткіштер: 30-45 жас аралығында – 77,5%, 46-60 жаста – 74,9%. Ең төмен нәтиже 61 жастан асқан топта – 72,5%.
Сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың саяси өзгерістер мен реформаларды мұқият қадағалап отырғанын көрсетті. Азаматтар оларды құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар деп қабылдайды. 2022 жылғы конституциялық өзгерістер қоғам үшін айрықша мәнге ие болды, бұл азаматтардың реформалардың негізгі нәтижелері жөніндегі жоғары хабардарлығынан көрінеді. Атап айтқанда, 2022 жылғы 5 маусымдағы референдумда қабылданған Конституцияға енгізілген мынадай өзгерістерді респонденттер ерекше атап өтті:
— жер, жер қойнауы және басқа да табиғи байлықтар халықтың айрықша меншігі болып белгіленуі – 27,8%;
— Конституциялық соттың құрылуы – 23,9%;
— өлім жазасының толықтай жойылуы – 13,4%;
— Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілуі – 10,3%;
— Мәжілістің өкілеттігі мен мәртебесінің күшеюі – 9,7%.
Ең көп есте сақталған өзгерістердің ішінде табиғи байлықтардың халықтың айрықша меншігі болып бекітілуі алдыңғы қатарда тұр. Осы конституциялық норманың іс жүзінде жүзеге асырылуымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы тікелей байланысты. Бағдарламаға сәйкес, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың жинақ шоттарына аударылады. Әділетті Қазақстан қағидаттарына сәйкес келетін бұл ұлттық бағдарлама табиғи ресурстардан түсетін табыстарды әділ бөлу арқылы өсіп келе жатқан ұрпақтың тұрақты әрі жарқын болашағын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы зерттеу нәтижелері азаматтардың жоғары деңгейдегі хабардарлығын, сондай-ақ 2022 жылғы конституциялық өзгерістерге қоғам тарапынан берілген қолдауды айғақтайды.
Үш жыл өткен соң да азаматтар конституциялық реформалардың маңыздылығын және олардың күнделікті өміріне тигізген оң ықпалын атап өтуде. Нәтижесінде елде жүзеге асырылып жатқан өзгерістер қазақстандықтардың басым көпшілігі үшін жоғары құндылыққа ие. Қолға алынған реформалар халықтың өзекті сұраныстарына сай келеді және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының тиімділігін дәлелдейді.








