28 тамыз күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында институт директоры Жандос Шаймарданов пен Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Агалар Атамоглановтың кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту, туризмді дамыту және экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды. Әңгіме барысында халықтарымыздың тарихи жақындығы мен ғасырлар бойғы байланыстары серіктестікті қарқынды дамытуға берік негіз болатыны атап өтілді.
Жандос Шаймарданов Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сараптамалық және ғылыми-талдамалық өзара іс-қимылды одан әрі күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Мұндай пікір алмасу қазіргі сын-қатерлерді терең түсінуге және бірлескен жобаларды ілгерілету бойынша нақты ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Агалар Атамогланов мырза Қазақстанның оның елінің сыртқы саясатында айрықша орын алатынын және Орталық Азиядағы басым әріптес ретінде қарастырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, тікелей байланыстар мен бірлескен бастамалар екіжақты диалогқа жаңа серпін бере алады.
Кездесуді қорытындылай келе тараптар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық екі ел халықтарының достығын, өзара түсіністігін және стратегиялық әріптестігін одан әрі тереңдетуге қызмет ететініне сенім білдірді.


