Анна Альшанская,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы
Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы екі бағыттың тоғысқан тұсында тұр. Бір жағында ауқымды инвестиция мен өнімділікті арттыруды қажет ететін дәстүрлі шикізаттық секторлар болса, екінші жағында еңбек құрылымын түбегейлі өзгертіп жатқан қызмет көрсету саласы мен цифрландырудың қарқынды дамуы тұр.
Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында атап өткендей, алдағы үш жылдың міндеті – «Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру». Бұл адами капитал, инновациялық және цифрлық технологиялар еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көздеріне айналған экономикалық дамудың жаңа миссиясына көшуді білдіреді. Осы жағдайларда білім беру жүйесі экономиканы цифрландыру міндеттерін заманауи, бәсекеге қабілетті жұмыс күшін қалыптастырумен байланыстыратын жүйе құраушы фактор ретінде танылады.
Біріншіден, инновациялық экономиканы қалыптастыруға қажет мамандықтардың беделін көтеру мақсатында Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауды ұсынды. Бүгінде еңбек нарығында 1,3 млн-ға жуық адам жұмысшы мамандық бағытында еңбек етіп жүр, бұл еліміздегі барлық жұмыскерлердің шамамен 40% құрайды. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) саласындағы жүйелі мәселелер жинақталған реформа іске қосылды. Мәселен, биыл колледждерге бөлінетін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге артты. Бұл сәйкесінше педагогтердің жалақысын көтеріп, оқу орындарының материалдық-техникалық жабдықталу деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді.
Екіншіден, цифрлық трансформация жағдайында жаңа дағдыларға сұраныстың артып жатқанын ұмытпаған жөн. Халықаралық валюта қорының бағалауынша, жасанды интеллект технологиялары әлемдегі жұмыс орындарының 40%-ына дейін ықпал етпекші. Ең алдымен бұл қызмет көрсету саласындағы бірсарынды мен қол еңбегіне, әкімшілік жұмысқа мен стандартты операцияларға қатысты. Осыған орай еліміздегі білім беру жүйесі әлемдік стандарттарға бағытталып, жаңа жағдайларға жылдам бейімделуі тиіс. Цифрлық технологиялармен, ЖИ-мен, жасыл экономикамен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырып, soft skills (жұмсақ дағдыларды) дамыту керек. Қазіргі таңда елімізде білім беру жүйесіне ЖИ енгізу бойынша саясат жүргізілуде. ЖИ технологияларын қолдану арқылы әртүрлі цифрлық платформаларда жаңа буын оқулықтары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, жоғары технологиялық жобаларға 100 мыңға дейін студентті тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы іске қосылды.
Үшіншіден, Қазақстанда білім беруді халықаралықтандыру және оның сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу елдің жаһандық білім беру нарығына енуі жолындағы маңызды қадам болды. Бүгінде Қазақстанда Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Корея сияқты елдердің жетекші университеттерінің 20-дан астам филиалы жұмыс істейді. Олардың келуімен елде жаңа білім беру стандарттары, заманауи технологиялар және ноу-хау практикасы да енгізілуде.
Сонымен қатар, Қазақстан «демографиялық мүмкіндіктер терезесінің» табалдырығында тұр – 2030 жылға қарай жастар жұмыс күшінің 80 пайызын құрайтын болады. Мемлекет басшысы белгілеген экономиканы цифрлық жаңғыртуға бағытталған басымдықтар елдің әлеуетін ашуға және тұрақты даму траекториясын белгілеуге мүмкіндік береді.