Skip to content
Басты бет » Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуеті

Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуеті

Ерлан Жақыпов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің жаһандық экономика
және тұрақты даму бөлімінің басшысы

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың негізгі факторы ретінде көлік-логистикалық секторды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Біздің еліміз қазірдің өзінде Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі буын және соңғы жылдары аумақ бойынша тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асты.

Бұл тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік маршруты (Орта дәліз) айрықша орын алады. Ол дәстүрлі бағыттарға балама ретінде қарастырылып, елдің жаһандық экономикаға интеграциялануына жаңа мүмкіндіктер ашады.

ҚР Көлік министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік маршруты арқылы тасымал көлемі алты есеге артқан. 2020 жылы 0,8 млн тонна болса, 2024 жылы 4,5 млн тоннаға жеткен. Жалғыз 2024 жылдың өзінде өсім 62%-ды құраған (2023 жылғы 2,8 млн тоннамен салыстырғанда). Бүгінгі таңда маршруттың өткізу қабілеті жылына 6 млн тоннаға жетіп отыр. 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.

Статистика көрсеткендей, бұл маршрут тек транзиттік функцияны ғана емес, сонымен қатар қазақстандық өнімді экспорттау (тасымалдың 72%-ы – азық-түлік, металл, мұнай-химия) және шетелдік тауарларды импорттау үшін де белсенді қолданылады. Бұл Орта дәлізді халықаралық сауданың негізгі арналарының біріне және ұлттық экономиканың өсу факторы ретінде қалыптастырады.

Бұл ретте Мемлекет басшысы: «Сонымен қатар көлік жүйесін басқарудың жаңа үлгісін жасаған жөн. Себебі мемлекет инвестициясының экономикалық қайтарымы айқын болуы тиіс. Контейнермен жүк тасымалдау ісіне тың серпін беру керек. Әлемде құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 16 пайыздан астамы контейнермен жіберіледі. Бірақ елімізде оның үлесі әлі де төмен – небәрі 7 пайызға жуық», — деп баса айтты.

Осылайша, контейнерлік тасымалдау мен мультимодальды бағыттарды дамыту инфрақұрылымға инвестиция тартудың, шикізаттық емес салаларды ынталандырудың және Қазақстанның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды шартына айналуда.

Осылайша, Қазақстан Орта дәлізді тек транзиттік маршрут ретінде ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіптік өсімнің, шикізаттық емес секторларды дамытудың және жаһандық экономикаға қатысуды кеңейтудің платформасы ретінде қарастырады. Бұл бағыттағы жобаларды іске асыру ұлттық экономика үшін мультипликативтік әсер тудырып, инфрақұрылымға, логистикаға, өнеркәсіпке және ілеспе қызметтерге инвестиция тартуға серпін береді. Маңызды бағыттардың бірі — мультимодальды хабтарды, логистикалық орталықтарды, порт инфрақұрылымын және цифрлық транзит қызметтерін дамыту. Бұл халықаралық көлік желілерімен терең үйлесімділікті қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Орта дәліз аясында Әзербайжан, Грузия, Түркия және ЕО елдерімен ынтымақтастықты кеңейту Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасындағы сенімді серіктес әрі көлік көпірі ретіндегі стратегиялық маңызын арттырады. Орта дәліз тек көлік стратегиясының элементі ғана емес, сонымен қатар елдің геоэкономикалық позицияларын нығайтудың құралы және жаһандық тұрақсыздық жағдайында тұрақты дамудың маңызды факторы ретінде қарастырылады. Бұл ретте сыртқы экономикалық байланыстарды әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібінде экспортқа бағытталған кластерлерді қалыптастыру, заманауи логистикалық және цифрлық сервистерді дамыту, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылым мен тұрақты энергетикаға инвестиция тарту бойынша жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа өсім драйверлерін қалыптастыруға, өңірлердің халықаралық саудадағы рөлін күшейтуге және ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға жол ашады.