Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) директорының орынбасары лауазымына Әбен Дәурен Әбенұлы тағайындалды.
Жаңа қызметінде Дәурен Әбенұлы жаһандық үдерістер, сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу бағыттары бойынша Институттың сараптамалық-талдамалық жұмысын үйлестіретін болады.
Дәурен Әбенұлы 1997 жылы «Қайнар» университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған, 1999 жылы аталған университеттің магистратурасын бітірген. 2003 жылы АҚШ-тағы Монтерей қаласындағы Миддлбери халықаралық зерттеулер институтында халықаралық саясатты зерттеу саласы бойынша магистр дәрежесін алған. 2011 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторантурасын тәмамдады.
Әр жылдары ол бірқатар жауапты қызметтерді атқарды: 1997–2001 жылдары «Орталық Азия жобасы» зерттеу тобының жобалар жетекшісі; 2003–2009 жылдары Алматы қаласындағы Джеймс Мартин атындағы таратпау мәселелерін зерттеу орталығының өңірлік өкілдігінде бағдарлама үйлестірушісі және атқарушы директор; 2008–2010 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аккредитация және рейтинг бөлімінің бастығы; 2011–2014 жылдары ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік бөлімінің аға ғылыми қызметкері және бөлім меңгерушісінің міндетін атқарды.
Сонымен қатар ол Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінде аға менеджер және ғылыми қызметкер, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жанындағы Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. 2023 жылғы ақпан айынан бастап Дәурен Әбенұлы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың халықаралық қауіпсіздік бөлімін басқарып келеді.
Д. Әбеннің ғылыми қызығушылық салаларына ядролық қаруды таратпау, ядролық қауіпсіздік және экспорттық бақылау мәселелерімен қатар Орталық Азия мен Кавказдағы өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың түрлі аспектілері кіреді. Бұл бағыттар бойынша ол бірнеше ғылыми жарияланымдардың авторы.