Skip to content
Басты бет » Ғаламдық индекстердегі Қазақстан: ілгерілеу және өсу аймақтары

Ғаламдық индекстердегі Қазақстан: ілгерілеу және өсу аймақтары

Соңғы жылдары Қазақстан өмір сапасын, цифрландыру деңгейін және әлеуметтік-экономикалық дамуды көрсететін негізгі халықаралық рейтингтерде тұрақты прогресс көрсетіп келеді. Елдің ғаламдық индекстердегі көрсеткіштерінің өсуі көбінесе жүйелі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен соңғы жылдардағы стратегиялық бастамалардың дәйекті орындалуының нәтижесі. Бұл бағытта адам капиталын дамытуға, цифрландыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобалар маңызды рөл атқарды. Солардың ішінде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба», сондай-ақ индустриялық-инновациялық даму мен инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын атап өтуге болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті мемлекет пен тиімді экономиканы құруға, өндірісті әртараптандыруға, инновацияларды қолдауға және төмен көміртекті өсу моделіне көшуге бағытталған бастамалары ерекше рөлді атқарды. Президенттің 2022–2025 жылдардағы Жолдаулары аясында шағын және орта бизнесті дамыту, өңдеуші экспортты ынталандыру және цифрлық теңгені енгізу жөніндегі реформалар жүзеге асырылуда.

Аталған қадамдар ел экономикасының өсімін 5–6% деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді, бұл өз экономикасын әртараптандыруға және шикізаттық тәуелділіктен арылуға ұмтылған мемлекет үшін жоғары көрсеткіш болып саналады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында экономикалық өсім 6,2% шамасында болды – бұл соңғы 14 жылдағы ең жоғары қарқын.

Дәйекті саясаттың арқасында Қазақстан өз позициясын ғаламдық индекстерде нығайтып, өмір сапасы жоғары және орнықты экономикалық даму деңгейіндегі елдердің қатарына жақындай түсті.

Біріншіден, БҰҰ Даму бағдарламасы жариялаған Адам әлеуетінің дамуы индексі (Human Development Index, АДИ) бойынша, 2025 жылы Қазақстан 0,837 көрсеткішімен 193 елдің ішінде 60-орынды иеленіп, «өте жоғары даму деңгейі бар елдер» санатына енді. Салыстырар болсақ, 2010 жылдардың ортасында бұл көрсеткіш 0,81–0,82 шамасында болған, бұл он жыл ішінде білім беру, денсаулық сақтау және халықтың өмір сүру ұзақтығының жақсаруы есебінен тұрақты өсімге қол жеткізілгенін көрсетеді.

Екіншіден, мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясы ерекше назар аударуға тұрарлық. БҰҰ-ның 2024 жылғы Электрондық үкіметті дамыту индексі (E-Government Development Index) бойынша Қазақстан 24-орынға көтеріліп, цифрлық мемлекеттік қызметтер мен инфрақұрылымның дамуы деңгейі бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енді. Ал 2014 жылы ел шамамен 28-орында болған. Соңғы он жылда базалық цифрландырудан проактивті қызметтер экожүйесіне көшу үдерісі бюрократиялық кедергілерді айтарлықтай азайтып, азаматтар мен бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдетіп, билік институттарына деген сенімді күшейтті.

Қоғамдық қауіпсіздік саласында да оң өзгерістер байқалады. 2025 жылғы Ғаламдық бейбітшілік индексі (Global Peace Index) бойынша Қазақстан 163 елдің ішінде 56-орынды иеленіп, рейтингтің жоғарғы жартысында өз позициясын нық ұстап келеді. 2010 жылдардың ортасымен салыстырғанда елдегі ішкі тұрақтылық деңгейі айтарлықтай артқан, бұл Қазақстанның сенімді серіктес және инвестициялар мен транзиттік жобалар үшін қауіпсіз аймақ ретіндегі беделін нығайта түсті.

Үшіншіден, 2025 жылы Қазақстан әлемнің ең бәсекеге қабілетті 35 елі қатарына еніп, Лозанна менеджментті дамыту институтының әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде (IMD World Competitiveness Ranking) 69 елдің ішінде 34-орынды иеленді. Бұл Қазақстанның халықаралық деңгейде өз позициясын нығайтып, аймақтық және жаһандық деңгейде айтарлықтай әлеуеті бар мемлекет ретінде қабылданатынын көрсетеді.

Қол жеткізілген жетістіктермен қатар, одан әрі жетілдіруді қажет ететін бағыттар да бар. Мысалы, экологиялық сала – әлеуеті жоғары, бірақ қосымша дамуды талап ететін бағыттардың бірі. Йель университетінің 2024 жылғы Экологиялық тиімділік индексі (Environmental Performance Index) бойынша Қазақстан 72-орынды иеленіп, 2014 жылғы 84-орынмен салыстырғанда өз көрсеткішін жақсартқан. Алайда рейтингтің жоғарғы ширегіне көтерілу үшін елге ауа ластануын азайту, энерго тиімділікті арттыру және «жасыл» инфрақұрылымды дамыту қажет. ESG қағидаттарына негізделген модельге көшу Қазақстан экономикасының тұрақты өсімінің жаңа қозғаушы күшіне айнала алады.

Сонымен қатар, Қазақстанның өңірдегі транзиттік және логистикалық орталық ретіндегі әлеуеті зор. Дүниежүзілік банктің 2025 жылғы Логистикалық тиімділік индексі (Logistics Performance Index) бойынша Қазақстан әлемнің 139 елінің ішінде 95-орынды иеленген. Транзиттік әлеуетті арттыру еліміздің басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Қазақстан аумағы арқылы әлемнің ірі сауда нарықтарына жол ашатын бес теміржол дәлізі өтеді. Соңғы он жыл ішінде бұл салаға шамамен 35 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған. Алдағы уақытта 5 мың шақырым жаңа теміржол салу және 11 мың шақырым теміржолды жөндеу жоспарлануда.

Осылайша, дамуының келесі кезеңі – институттарды жетілдіру, инновацияларды жеделдету және экологиялық жаңғыртуды жүзеге асырумен тығыз байланысты. Аталған бағыттарды іске асыру Қазақстанға тек әлемдік индекстердегі жетістіктерін бекемдеп қана қоймай, оларды тұрақты әлеуметтік-экономикалық нәтижелерге айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші даму орталықтарының бірі ретіндегі рөлін күшейтеді.

Әсел Әбен,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Экономикалық саясатты талдау бөлімінің

бас сарапшысы