Skip to content
Басты бет » Қазақстандағы цифрлық үкіметтің дамуы: «бір терезе» қағидатынан ашық деректер мен онлайн қызметтер, онлайн-петицияларға дейін

Қазақстандағы цифрлық үкіметтің дамуы: «бір терезе» қағидатынан ашық деректер мен онлайн қызметтер, онлайн-петицияларға дейін

Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуы – бұл тек тарихи белес қана емес, сонымен қатар тәуелсіз Қазақстанның институционалдық қалыптасу жолын ой елегінен өткізуге мүмкіндік беретін маңызды кезең. Осы жылдар ішінде мемлекеттік басқару жүйесінде терең трансформация өтті – қолмен атқарылатын бюрократиялық рәсімдерден ашықтық, айқындық және есептілік қағидаттарына негізделген цифрлық мемлекетке айналды. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы Гүлмира Тұқанова – Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесінің эволюциясы туралы пікір білдірді.

2000-жылдардың басында Қазақстандағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жүйесі бытыраңқылығымен, ашықтықтың төмендігімен және айтарлықтай бюрократиялық кедергілермен сипатталды. Азаматтар түрлі құжаттарды алу үшін бірнеше мемлекеттік мекемелерге жүгінуге мәжбүр болды, қызмет көрсетудің мерзімдері туралы ақпарат болмады, ал ведомстволар арасында деректер алмасу жүйесі мүлде болған жоқ. Мұның бәрі мемлекеттік қызметтерді алуды күрделендіріп қана қоймай, кей жағдайда оларды қолжетімсіз етті.

Осы мәселелер мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен цифрландыруға бағытталған реформалардың басталуына негіз болды. Бұл ретте халыққа қызмет көрсету орталықтары мен электрондық үкімет (eGov) құрылды. Алғашында электрондық үкімет порталы онлайн-анықтамалық ретінде жұмыс істеді — онда белгілі бір қызметті алу үшін қандай құжаттар қажет және қай мекеме жауапты екені туралы ақпарат алуға болатын. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша көрсету жүйесі дами бастады. Бұл өз кезегінде процестерді стандарттауды, функцияларды қайта қарауды және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қоюды талап етті.

ХҚО жүйесі де, «электрондық үкімет» те бірнеше маңызды даму кезеңінен өтті. Бүгінде бұл мемлекеттік қызметтерді көрсетудің ірі әрі дамыған жүйелері болып табылады, олар жаңа технологиялар мен заманауи басқару қағидаттарын белсенді түрде енгізуде.

«Электрондық үкімет» цифрлық жүйесі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының кеңселері азаматтар мен бизнес үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасаудың негізгі тетігіне айналды. eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қазақстандықтар мемлекеттік қызметтердің кең ауқымына жеңіл әрі жылдам қол жеткізе алады: түрлі анықтамалар мен мәліметтер алу, жер мен балабақша кезегіне тұру, некені немесе бизнесті тіркеу, лицензия алу, әлеуметтік төлемдер мен көмекке өтініш беру сияқты қызметтерді онлайн орындауға мүмкіндік бар. 2023 жылы электрондық үкіметтің пайдаланушыларының саны 13,7 миллион адамға жетті, ал порталда 1 000-нан астам қызмет пен 100-ге жуық түрлі сервистер қолжетімді болды. Қазақстан «электрондық үкімет» жүйесін дамытуда озық елдердің қатарына енді: 2024 жылы БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша еліміз 193 мемлекеттің ішінде 24-орынға көтеріліп, өз нәтижесін 4 позицияға жақсартты.

Мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсетуге қосымша, Қазақстанда 2016 жылдан бастап мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен есептілігін арттыруды мақсат еткен «Ашық үкімет» атты цифрлық жүйе жұмыс істейді. Бұл жүйе аясында бірнеше цифрлық платформа қызмет атқарады:

  • «Ашық деректер» – data.egov.kz порталында мемлекеттік органдардың қызметі туралы деректер мен мәліметтер қолжетімді;
  • «Ашық диалог» – dialog.egov.kz алаңы арқылы азаматтар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарына өтініш жолдауға болады;
  • «Ашық НҚА» – legalacts.egov.kz сайтында нормативтік құқықтық актілердің жобалары қоғамдық талқылауға шығарылады;
  • «Ашық бюджеттер» – budget.egov.kz платформасында бюджет қаражатының қалыптасуы мен бөлінуі туралы ақпарат жарияланады;
  • «Мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау» – evaluation.egov.kz порталында мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелері мен бағалау қорытындылары ұсынылған.

Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндетін қойған болатын. Бұл бастаманың басты мақсаты – азаматтардың барлық орынды өтініштері мен ұсыныстарына жедел әрі тиімді жауап беретін басқару жүйесін қалыптастыру еді. Сол уақыттан бері мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл тетіктері едәуір жетілдірілді. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Бұл құжаттың басты мақсаты – азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларда тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Сол жылы азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінуі үшін бірыңғай жүйе — eOtinish.kz іске қосылды. Электронды өтініштер жүйесі азаматтардың өтініштерін қарау барысының ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.

2023 жылы Мемлекет басшысы «Қоғамдық бақылау мәселелері және әкімшілік рәсімдерді жетілдіру бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Қабылданған нормативтік-құқықтық актілердің негізгі мақсаты – қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың құқықтық негіздерін қалыптастыру болды. Бұл түзетулер кешені азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуының жаңа кезеңін ашты. Сол тетіктердің бірі – қоғамдық петициялар институты. 2024 жылы азаматтардың өз бастамалары мен ұсыныстарын жеткізуіне арналған ресми портал — epetition.kz іске қосылды. Бұл жоба азаматтардың әлеуметтік және саяси күн тәртібін қалыптастыруға неғұрлым белсенді қатысуының жаңа кезеңін айқындады.