2025 жылғы 11–12 қарашада Исламабад қаласында (Пәкістан) «Маргалла диалогы-2025» атты халықаралық форум өтті. Іс-шараны Исламабад саяси зерттеулер институты (IPRI) мен Пәкістан Үкіметі ұйымдастырды.
Форумға Пәкістан, АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Иран, ЕО елдері мен Таяу Шығыс, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттерінің мемлекеттік органдары мен сараптамалық құрылымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шарада Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафиннің сөйлеген сөзі ерекше қызығушылық тудырды. Елші өз баяндамасында Президент Қ.Тоқаевтың еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасын атап өтіп, Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы өзара байланыстарды нығайту саясаты аясында Қазақстанның Пәкістанмен стратегиялық әріптестікке басымдық беретініне тоқталды.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты атынан шараға Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Мұхит Асанбаев қатысты. Ол Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы аймақаралық өзара байланыстарды дамытуға қатысты қазақстандық көзқарасты ұсынды.
Өз сөзінде ол аймақаралық байланыстың өзегін – Ауғанстан мен оның көрші елдері арасындағы тату көршілік қарым-қатынас құрайтынын атап өтті. Бұл фактор Орталық және Оңтүстік Азия мемлекеттері арасындағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол Орталық Азия елдерінің стратегиялық серіктестігі аймақаралық өзара іс-қимылды нығайтып, Оңтүстік Азия мемлекеттерімен бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайтынын айтты.
Конференция барысында халықаралық саясаттағы негізгі үрдістер, жетекші державалардың бәсекелестігі, альянстардың өзгеруі және әлемдік тәртіпке әсер ететін жаңа жаһандық сын-қатерлер талқыланды.
Негізгі назар болашақ жаһандық тәртіпті қақтығыс емес, ынтымақтастық арнасына бағыттай алатын ортақ ұстанымдар мен келісім нүктелерін іздеуге аударылды.




